Визит-орталық құру, зымырандарды ұшыру арасындағы кезеңдерге арналған туристік өнімдер әзірлеу, жаңа орналастыру орындарын ашу – «Байқоңыр» кешенінің туристік әлеуетін ашуға бағытталған маңызды қадамдар, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы Қызылорда облысының жергілікті атқарушы органдары мен туристік индустрия өкілдерімен өткен кездесу барысында айтты.
Kazakh Tourism «Байқоңыр» кешенінде туризмді дамытудың тұжырымдамасының жобасын Қызылорда облысында таныстырды. Құжат туристік экожүйені қалыптастыруға, зымыран ұшыру арасындағы кезеңдерге арналған туристік өнімдерді дамыту және еліміздің мәдени және білім беру күн тәртібіне интеграциялауға бағытталған.
Байқоңырда туризмді дамытудың басты шарты – саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасау. Бұл үшін базалық туристік инфрақұрылымды қалыптастыру қажет. Оған сервис инфрақұрылымды құру, орналастыру нысандарын дамыту, зымырандары ұшыру кезінде ғана емес, олардың арасындағы туристік өнімді кеңейту кіреді. Бірінші кезекте туристер үшін ақпараттық-навигациялық орын ғана емес, кешеннің мәдени және білім беру құндылығын көпшілікке танытатын визит-орталық ашу керек Даниел Сержанұлы
Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл «Байқоңыр» кешені 4 мыңға жуық туристі қабылдап үлгерген. Олардың басым бөлігі зымыранның ұшырылуын көруге келген. Жыл басынан бері үш зымыран тасығыш көкке жіберілсе, жыл соңына дейін тағы үш ұшыру жоспарланған.