Интерактивті павильон, цифрлық миссиялар және бүкіл отбасы үшін пайдалы онлайн-қорғаныс дағдылары, деп хабарлайды DKnews.kz.
Суперкүш дегеніміз лазер мен телепортация емес, өзіңді және өзгелерді интернетте қорғай білу қабілеті болса ше? Comic Con Astana 2025 фестивалінде БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) алғаш рет цифрлық ортадағы балалар қауіпсіздігі мәселелері бойынша ресми серіктес ретінде қатысып, барлық келушіні онлайн-қауіпсіздікке арналған бірегей интерактивті кеңістікке шақырады және киберқорғаушы атануға үндейді.
Технологиялардың дамуымен балалар мен жасөспірімдер кибербуллинг пен фейк ақпараттан бастап, манипуляция мен жеке деректердің тарап кетуіне дейінгі жаңа қауіптерге тап болуда. ЮНИСЕФ-тің «Kazakhstan Kids Online» (2023) зерттеуіне сәйкес, қазақстандық балалардың 15%-ы күн сайын қалаусыз контентке тап болса, 21%-ы кибербуллингке ұшыраған, ал әрбір оныншы бала интернетте бейтаныс адамдарды достар қатарына қосып, онлайн-эксплуатация қаупіне душар болған. Бұл деректер балалардың цифрлық ортада өздерін сенімді және қауіпсіз сезінуі үшін қажетті білім мен дағдыларды қалыптастырудың маңыздылығын көрсетеді.
Қазақстанда 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан ЮНИСЕФ әр бала өзін қорғалған, тыңдалған және сенімді сезінетін интернет-кеңістікті қолдайды. Comic Con Astana 2025 фестивалі аясында ЮНИСЕФ көпформатты аймақты ұсынады, онда әрбір қонақ цифрлық қауіпсіздік туралы біліп қана қоймай, өз дағдыларын қызықты форматтарда сынай алады:
- «Fake vs Fact» — шындықты манипуляциядан ажырату, фишингті, жалған рейтингтер мен эмоционалды тұзақтарды тану туралы викторина.
- «Сен қалай жауап бересің?» — онлайн-сценарийлері бар стенд-чат: бейтаныс адам жеке фотосуретті жіберуді сұраса немесе досың сеніміңді пайдаланып, манипуляция жасаса, қалай әрекет ету керек?
- «Сенің киберқаһарманың кім?» — өзіңіздің дағдыларыңызды, қорғаныс стиліңізді және цифрлық құндылықтарыңызды көрсететін жеке киберқорғаушыны таңдап, құрастыру мүмкіндігі.
- «Онлайн эмоциялар» — бұл викторина интернетте қандай сезімде болатынымызды тануға және өзімізге қамқор болуды үйренуге көмектеседі.
ЮНИСЕФ аймағынан өткен әрбір адам өзінің «цифрлық сауытын» жетілдіріп, қауіп-қатерді тани білуді үйренеді және шынайы өмірде нағыз киберқорғаушы болуға алғашқы қадамын жасайды.
Фестивальдің ең жас қонақтары үшін ЮНИСЕФ-тің балалар аймағы жұмыс істейді. Мұнда күн сайын балалар құқықтары туралы үстел ойындары, сурет салу, пазлдар мен дженга қолжетімді болады. Бұл — ересектер мен жасөспірімдер ЮНИСЕФ викториналарына қатысып жатқанда, кішкентай балалар ойнап, білім ала алатын қауіпсіз әрі жайлы кеңістік.
Әрбір қонақты ЮНИСЕФ-тен сыйлықтар, өзін және басқаларды интернетте қалай қорғау керектігі туралы практикалық кеңестері бар ақпараттық буклеттер, сондай-ақ қауіпсіздік, дұрыс тамақтану және менталды денсаулық жөніндегі әлемдік сарапшылардың пайдалы материалдары күтеді.
«Comic Con — бұл технология, креатив және жастар қуаты тоғысатын орын. ЮНИСЕФ үшін бұл — жасөспірімдермен олардың тілінде, яғни қаһармандар, ойындар және цифрлық форматтар арқылы сөйлесу мүмкіндігі. Біз әркім өз онлайн-қауіпсіздік дағдыларын шыңдап, нағыз киберқорғаушы бола алатын павильонды ұсынуға қуаныштымыз» ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі, д-р Рашед Мұстафа Сарвар
Фестивальде ЮНИСЕФ-тің волонтерлер бағдарламасы туралы біліп, «Волонтерлер мектебіне» қосылуға және Қазақстанда және одан тыс жерлерде балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін ілгерілететін халықаралық волонтерлер қозғалысының бір бөлігі болуға мүмкіндік бар.