ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Talap» КЕАҚ Қазақстан Республикасы колледждерінің «ТОП-100 студенті» республикалық байқауының қорытындысы бойынша электрондық журнал жасады, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Электрондық журналда байқаудың мақсаты мен міндеттері, ұйымдастырушы, оператор, серіктестері мен қатысушылары ақпарат жинақталған. Әсіресе еліміздің 100 үздік колледж студенті туралы мәліметтерге ерекше назар аударылған. Журналда олардың аты-жөні, оқу орны, мамандығы, іріктеу принциптері, жетістіктері, қоғамдық белсенділігі, сондай-ақ жобаларды іске асыру нәтижелері — жұмысқа орналасуы, тренингтер мен кәсіби даму бағдарламаларына қатысуы туралы ақпараттар қамтылған», — деп атап өтті Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Мұхамбетов.
Электрондық журнал «Talap» КЕАҚ-ның www.talap.edu.kz ресми сайтында жарияланып, студенттерге, оқытушыларға, колледж өкілдері мен жұмыс берушілерге қолжетімді болады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі осы жылдың наурыз айында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «ТОП–100 студент» республикалық байқауының басталғанын жариялаған болатын.
Байқаудың мақсаты — техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дарынды әрі болашағы зор студенттерді анықтау және қолдау.