1540
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде қызмет атқаратын қарауыл бастығы сержант Нұрбек Муталиев әскери тәртіп пен қауіпсіздік қызметіне жан жүрегімен берілген жан. Қарауыл қызметінің қыр-сырын кәсіби тұрғыда меңгерген сержанттың өмір жолы мен қызметтік тәжірибесі жастарға өнеге болатыны сөзсіз.

​​​​​​​Нұрбек Муталиевтің өмір жолы мыңдаған этникалық қазақтың тағдырымен үндес. Ол 1992 жылы отбасымен бірге Моңғолиядан тарихи отаны – Қазақстанға көшіп келген. Ақтөбе облысы олардың жаңа мекені болды. Әкесі ерте қайтыс болып, анасы жеті баланы жалғыз өзі жеткізген.

– Анам бізге тек өмір сүруді емес, өмірмен күресуді үйретті. Ол жоқшылықта жүріп, ешқашан мойымады. Балалары үшін өз өмірін арнаған асыл адам бола білді. Мені әскери тәртіпке үйреткен де – сол кісінің тәрбиесі, – деді сержант.

Әскери қызметке ол 2005 жылы бет бұрған. Алғашқы жылдары қарапайым бөлімше командирі болып, кейін түрлі лауазым сатыларынан өтті. Қарауыл бастығының көмекшісі болып он жылға жуық уақыт қызмет атқарды. Қазір 1-атқыштар ротасында қарауыл бастығы қызметін абыроймен атқарып жүр.

Қарауыл бастығының қызметі әр күн сайын қайталанғанымен, әр сәтінде жауапкершілік пен сақтықты талап етеді. Сержант Н. Муталиев түзеу мекемесінің қауіпсіздік жүйесін ұйымдастырып, қарауылдағы сарбаздардың моральдық ахуалы мен жауынгерлік даярлығын назарда ұстайды. Сонымен қатар, олар бөлім аумағында ұсталған сотталғандардың тәртібі мен қауіпсіздігін жіті бақылауға алған.

– Біздегі тәртіп күн сайынғы іс-әрекетке құрылса да, қырағылық ешқашан босаңсымайды. Қарауылдағы әр сарбазға сенім артамыз, бірақ сол сенімді күдіксіз ету – бастығынан басталады, – дейді ол.

Сержант Муталиевтің қол астында қарауыл қызметін атқарып жүрген сарбаздардың бірі – қатардағы Мұса Әуесбаев. Ол Маңғыстау облысынан әскер қатарына шақырылған.

– Қарауылға алғаш кіргенімде қатты қобалжыдым. Бірақ қарауыл бастығы түсіністікпен қарап, сабырға шақырды. Қазір өзімді сенімді сезінемін. Бұл жерде тәртіп қатаң – дейді жас жауынгер.

Тараз қаласынан келген қатардағы Ерасыл Дүкенбай қарауыл қызметінің өзіне ерекше тәрбие бергенін айтады.

– Қарауылға кезек келгенде әрдайым ішкі дайындық қажет. Қарауыл бастығы бізге сенеді, бірақ кез келген жағдайға дайын болуды үнемі ескертіп отырады. Қарауыл бастығы бізбен жай сарбаз ретінде емес, үлкен аға ретінде сөйлеседі. Сонысымен ерекше, – дейді ол.

Нұрбек Муталиев қазіргі ата-аналардың әскери қызметке көзқарасына алаңдаулы. Тіпті кей жағдайда балалардың әскерге баруына ата-аналардың «тәрбиесі» кері әсерін тигізетінін атап өтті.

– Біздің жастық шағымызды әскерге бару – абырой болатын. Ал қазір ата-аналар баласын әскерге жібермеудің амалын іздейді. Бұл дұрыс емес! Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың парызы. Сондықтан балаға бұл жайында отбасында ерте түсіндіру керек, – дейді ол.

Әскери қызметтің маңызын жастарға жеткізуді өз борышы санайтын Н. Муталиев сарбаздармен жиі әңгімелесіп, олардың пікірін тыңдап отыруды ұнатады. Бұл – олардың сенімін нығайтып, әскери ортада бауырмалдықты арттырады.

Оның айтуынша, қарауыл бастығы болу деген таң атқаннан түн батқанға дейін өзіңді сергек сезіну, байқағыш және салмақтылықтан танбау. Қарауылдағы сарбаздың бойында бір сәтке де босаңсу болмауы тиіс. Өйткені бір адамның салғырттығы бүтін бір бөлімге қатер төндіруі мүмкін.

– Менің қызметім – қырағылықтың сынағы. Өте үлкен міндет. Күн сайын адамдардың және қоғамның тағдыры, бөлімнің қауіпсіздігі сенің қолыңда екенін де ұмытуға болмайды, – деді Нұрбек Муталиев.

Мінекей, осындай азаматтар Отан алдындағы борышпен шыңдалған адалдықтың айқын бейнесі деуге болады. Олар - елдің тыныштығын қорыған тегеурінді сарбаздар. Олар - қоғамның арқа сүйер батырлары. Сондықтан сарбаздардың қалғуға қақысы жоқ.

Қатардағы Жанболат Кенжеғұл, Астана-Ақтөбе-Астана

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -