2002
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Ұлттық ұланда көктемгі шақырылым науқаны аяқталып, әскери бөлімдердегі жас сарбаздарға арналған оқу пункттері қызу жұмысқа кіріскен. Біз де журналистік қызығушылықпен жаңадан келген сарбаздар арасынан кейіпкер іздей бастадық. Оны Тараздағы 5513 әскери бөлімінің оқу пунктінен таптық.

Түркістан облысынан келген қатардағы Әлішер Құрманбай 23 жаста. Отбасындағы балалардың үлкені, өзінен кейін екі інісі, бір қарындасы бар.  Ол Алматы қаласындағы Т.Жүргенев атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын 2023 жылы «театр және кино әртісі» мамандығы бойынша аяқтаған. Әскерге дейін Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық театрда жұмыс істеген. Аз уақыттың ішінде бірқатар рольді сомдап үлгерген. Соның ішінде А.Н.Островскийдің танымал пьесаларының бірі «Грозада» кемпірдің ролін, Жорж Бизенің «Карменінде» Ремендадоны сәтті ойнаған.  Бұдан бөлек Әлішер халық әндерін шебер орындайды, кітапқұмар және футболға да әуестігі бар.

Өнер ортасынан әскерге келген сарбазды әңгімеге тартып көрдік. Ол өзінің әскерге алғаш келген кезіндегі жай-күйін былай деп сипаттады:

-Әскери бөлімнің аумағына алғаш қадам басқанда, бірінші ойым «Енді не болар екен? Не күтіп тұр екен?» деген күдікті сұрақтар болды,. Аздаған қорқыныш та болғанын жасырмаймын.  Бірақ бірінші күннен бастап сержанттар мен офицерлердің сарбаздарға деген қарым-қатынасы, жалпы әскери бөлімнің аурасы бірден ұнады. Қазір таңертең ерте тұруды, уақытылы әрі дұрыс тамақтануды, жалпы режимді үйрендім. Күнделікті  жауынгерлік дайындық, саптық дайындық, дене шынықтыру жаттығуларын жайлап меңгеріп келеміз.

Әскерге дейін мен әскер туралы тек жағымсыз сөздер естігеннен кейін бе, нашар пікірде едім. Ол ақпараттарды көбіне әлеуметтік желілер мен телеарналардан көретінмін. Алайда, бұл көзқарастың жаңсақ екеніне қазір толықтай көзім жетті. Осы екі-үш аптаның ішінде көптеген достар таптым. Сонымен бірге 2-оқу ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Медет Садыққа айтар алғысымыз шексіз. Бірінші күннен туған ағамыздай қамқор болып, нағыз жауынгер болуға үйретуде. Сол кісілердің үмітін ақтасам, жаман сарбаз болмаймын деп ойлаймын.

Әлішермен өнер, шығармашылық туралы да сөйлестік, болашақ арман-мақсатын сұрадық. Ол өнерді қоғамды тәрбиелейтін құрал ретінде түсіндірді. Өнер арқылы қоғамға жақсыдан үйрену, жаманнан жиренуді үйрететінін, сондықтан өнер адамдары жақсылықтың жаршысы, үлгісі болуы керектігін айтты. Ал мықты актер болу үшін талантты болу аздық етеді, өте көп еңбектену, іздену, білім алу керектігін айтты. Әскерден кейін Америкаға барып, Нью-Йорк кино академиясына түскісі келетінін, әлемдік мықты режиссерлердің бірі Кристофер Ноланның киноларынан роль алуды армандайтынын айтып өтті. Әлішердің ең үлкен арманы – қазақ актерлерінің ішінен ең алғашы болып Оскар сыйлығын алу.

Әскерде өнерді шыңдауға мүмкіндік бола ма деген сұрағымызға Әлішер:

-Бұл сұраққа мен бірінші күні-ақ жауап алдым. Мұнда сарбаз әнші болсын, спортшы болсын – бар жағдай жасалған. Алдағы уақытта «Көңілді тапқырлар алаңы» ойыны болады, соған қызу дайындалып жатырмыз. Бөлімде әр түрлі тақырыпта сайыстар, байқаулар, кездесулер, концерттер мен әдеби кештер болып тұрады екен.  Осындай іс-шараларға қатысуға ниеттімін, - деп жауап берді.

Өнерлі сарбазға «Армандарың орындалсын!» деп тілек білдірдік!

Запастағы подполковник Данара Баймағанбетова, Алматы қ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -