Қазақстанда спорттық этика нормалары жаңартылды

1628
Фотосурет: ҚФФ баспасөз қызметі

Туризм және спорт министрлігі 2020 жылғы 28 ақпандағы №51 бұйрықпен бекітілген «Қазақстан Республикасының спорттық әдебі» құжатын жаңартып, қолданыстағы заңнаманың нормаларына сәйкестендірді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Құжат 2025 жылы күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның жаңа редакциясына байланысты өзгертілді. Бұл нормативтік-құқықтық актілерді жаңа заң талаптарына бейімдеуді қажет етті.

Бұйрық бұрынғыша спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және спорт саласындағы өзге де тұлғалар үшін мінез-құлық нормаларын айқындайды. Ол заң талаптары мен жалпыға ортақ моральдық-этикалық қағидаттарға негізделген.

Аталған өзгерістер техникалық сипатқа ие және құжаттың мазмұндық негізіне әсер етпейді.

Өзгерістер негізінен терминологияны нақтылауға және тұжырымдамалық аппаратты жаңартуға бағытталған. Атап айтқанда:

  • «Ұлттық құрама команда» деген ескі терминнің орнына қазіргі талапқа сай «Қазақстан Республикасының спорт түрі бойынша ұлттық құрама командасы» ұғымы енгізілді;
  • ұғымдар қатарына «спорт төрешісі» термині қосылып, оның өкілеттіктері мен біліктілік талаптары нақтыланды;
  • Бұқаралық ақпарат құралдары анықтамасы жаңартылды. Енді заманауи коммуникация талаптарына сай «масс-медиа» термині қолданылды.

Маңызды: 2020 жылғы бұйрықтың бастапқы редакциясында бекітілген және отандық спорттың «Ар-намыс кодексіне» айналған спорттық этиканың негізгі ережелері өзгеріссіз қалды. Қолданыстағы нормаларға сәйкес:

  • адал ойын қағидаттарын сақтау;
  • қарсыластарға, төрешілерге, жанкүйерлер мен БАҚ өкілдеріне құрметпен қарау;
  • қоғамдық тәртіпке қайшы немесе қорлайтын әрекеттерге жол бермеу;
  • спорттық ортада жоғары моральдық үлгі көрсету қағидаттары сақталады.

Осылайша, спорттық этика ережелері заман талабына, заң талабына сәйкес жаңартылғанымен, өз мәнін жоғалтпай, спорт жүйесінде жүргендер үшін әдеп нұсқаулық құралы болып қала береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -