Полиция басқармасы кәсіпкерлік субъектісіне «Қазақстан Республикасында уақытша тұруға шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға рұқсат беру» мемлекеттік қызметін көрсетуден бас тартқан, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осыған байланысты кәсіпкер ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментіне жүгінді.
Тексеру барысында қызмет беруші жоғары тұрған органның тапсырмасына сілтеме жасай отырып, кәсіпкер жұмысқа орналастырғысы келген Еуразиялық экономикалық одақ азаматтарынан медициналық сақтандыруды заңсыз талап еткені анықталды.
Дегенмен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру қағидаларында Еуразиялық экономикалық одақ азаматтарынан медициналық сақтандыруды талап ету қажеттілігі көзделмеген.
Департамент мемлекеттік қызмет көрсету үшін құжаттарды қабылдаудан бас тартуды негізсіз деп танып, қызмет берушінің атына өтініш берушінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, сондай-ақ артық құжаттарды талап ету тәжірибесін тоқтату туралы шешім енгізді.
Сонымен қатар, бұл мәселе Департамент жанындағы Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында қаралды.
Нәтижесінде 2 өтініш берушінің құқықтары қорғалды – оларға мемлекеттік қызмет оң тұрғыдан көрсетілді. Сондай-ақ, полиция басқармасы шешім енгізгеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақтың 673 азаматының Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат беру туралы өтініштері артық құжаттарды талап етпей қаралды.
Осылайша, Департаменттің шешімі шағым авторларының проблемаларын жоюдан бөлек, басқа да мемлекеттік қызмет алуға өтініш білдірген азаматтар үшін құқықтарының бұзылуына, бюрократия көріністеріне тап болуына жол бермеуге мүмкіндік берді.