2025 жылғы 14 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл заң еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жаңашылдықтарды қамтиды.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі бірқатар негізгі жаңалықтарды көздейтін заң қабылданды.
Үздік халықаралық практикаларға сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің әрбір тұрғыны үшін денсаулық сақтаудағы базалық кепілдіктерді іске асыруға және медициналық көмекті қаржыландырудың ұзақ мерзімді тұрақтылығына бағытталған бірқатар өзгерістер енгізді.
2024 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауында Мемлекет басшысы бюджет мүмкіндіктері мен азаматтардың қажеттіліктері бойынша теңдестірілген базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруды тапсырды.
Бұл қадам мыналарға бағытталған:
- мемлекеттік және сақтандыру бағдарламалары арасындағы қайталануды жою;
- пациенттер үшін де, дәрігерлер үшін де медициналық қызметтер тізбесінің айқын шекаралары мен ашықтығын қамтамасыз ету;
- медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
2026 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакетіне кезең-кезеңімен көшу басталады:
- ТМККК мен МӘМС-ті нақты ажырату, қызметтердің қайталануын болдырмау
- Аурулардың ерте профилактикасының қолжетімділігі
- МӘМС мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін онкологиялық ауруларды анықтауға арналған скринингтер
- Әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда тегін зерттеп-қараулар
- Ресурстарды қайта бөлу арқылы жүйенің қаржылық тұрақтылығы
- Нақты сақтандыру моделіне жақындау
Қаржыландырудың бір пакеттік моделіне көшу үшін Денсаулық сақтау министрлігі сыртқы сарапшылармен бірлесіп барлық медициналық қызметтер мен олардың құнына ауқымды талдау жүргізді.
Біздің басымдығымыз өзгеріссіз қалады — бұл әлеуметтік мәртебеге қарамастан халықты МӘМС/пен барынша қамту.
Не өзгереді
Ауруларды ерте анықтау:
Бірыңғай пакет әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте диагностикалау бойынша кепілдіктерді кеңейтеді.
Мысалы, онкоскринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандықтарға қолжетімді болады.
ТМККК пакетінде онкоскринингтердің жалпыға бірдей қолжетімділігі обырды ерте сатысында уақтылы тиімді диагностикалауға және емдеуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда ТМККК шеңберінде диагностика тек туберкулез және АИТВ инфекциясы бойынша, қалған әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау МӘМС шеңберінде жүргізілетінін атап өту маңызды.
Бұл ретте сақтандырылмаған адамдар медициналық қызметтердің базалық пакетіне қол жеткізуді сақтайды, мысалы:
- Емханаларға алғашқы өтініш;
- Вакцинациялау және ерте диагностикаға онкоскринингтер;
- Әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда диагностика;
- Жедел медициналық көмек;
- Өмірге қауіп төндіретін жағдайларда пациенттерге шұғыл медициналық көмек;
- Диагностика, емдеу, алдын алу, барлық ӘМА үшін тегін АДҚ;
- Инфекциялық аурулар кезіндегі медициналық көмек;
- Қан препараттарымен қамтамасыз ету;
- Паллиативтік көмек және ауыр пациенттерге ұзақ мерзімді күтім.
Ал шетелде қалай?
- Тегін мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакеті:
- Ресейде - санитариялық авиация, АИТВ/ЖИТС, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, туберкулез және психикалық аурулар;
- Эстониядағы медициналық көмек – Жедел медициналық көмек, АИТВ/ЖИТС, инфекциялар, туберкулез және психикалық аурулар;
- Литвадағы медициналық көмек - тек жедел медициналық көмек;
- Германия мен Нидерландыда тек мейіргерлік күтім.