Қазақстанда металлургиялық кендерді өндіру 7,8%-ға, ал металдар өндірісі 6,9%-ға өсті.
Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлімдеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
UKIMET
Оның айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығында да оң динамика сақталып отыр.
Вице-министрдің сөзінше тау-кен металлургия кешені ел экономикасында ерекше орынға ие. Салада 14 трлн теңгеге өнім өндіріліп, жалпы ішкі өнімнің 8 %-ын құрап, 224 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша салаға 1,7 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Саладағы еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда $102 мыңды құрап, 9,4 %-ға өскен.
«Тау-кен секторында металл кендерінің үлесі 20 %-ды, өңдеу өнеркәсібінде металлургия үлесі 40 %-ды құрап отыр. Өткен жылы кен өндіру 7,8 %-ға, ал метал өндірісі 6,9 %-ға өсті. Биыл бірінші жартыжылдың қорытындысы бойынша кен өндірісі мен металлургияда оң динамика сақталуда. Негізгі металдардың әрі қарай өңделуіне, қосалқы салалардың дамуына және жоғары өңделген өнімдердің өндірісіне айрықша назар аударылуда. Осы жылы мыс өңдеуді 2 есеге , алюминийді 1,5 есеге, қорғасынды 2,3 есеге және мырыш өңдеуді 11 %-ға ұлғайту жоспарлануда. Отандық кәсіпорындарды негізі металдармен қамтамасыз ету шарасы орташа және жоғары өнімдерді өндіретін кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайтуға мүмкіндік беруде. Нәтижесінде катанка, кабель өнімдері, аккумулятор, терезе профильдері мен жиһаз фурнитураларының және басқа да тауарлардың өңдірісі ұлғаюда. Сондай-ақ жылыту радиаторларын, өндірістік аккумуляторлар мен латунь бұйымдарын өндіретін жаңа жобалар іске қосылды. Болат құю өнеркәсібін ішкі нарықтағы метал сынықтарымен қамтамасыз ету аясында өндіріс көлемі артып, жаңа қуаттар іске қосылды» Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков
Вице-министрдің сөзінше соңғы бес жылда болат өндіру қуаты 5-тен 7,5 млн тоннаға дейін өскен. Жалпы құны 52 млрд теңгеге 5 зауыт іске қосылған. Биыл 23 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құратын жалпы құны 1,6 трлн теңгеге 190 өнеркәсіп жобасын іске қосу жоспарлануда. Тау-кен металлургия саласында 6,5 мың жұмыс орнын құратын жалпы құны 444 млрд теңге болатын 28 жоба бар, оның ішінде:
- Қарағанды облысындағы тік тігісті болат құбырлары және алюминий радиатор жобалары;
- Түркістан облысындағы алюминий профильдерін өндіру;
- Ақмола облысындағы алюминий бұйымдарын шығару;
- Павлодар облысындағы ферроқорытпа өндірісі;
- Жамбыл облысындағы катодты мыс өндіру жобалары бар.
Сонымен қатар Олжас Сапарбеков саланың тиімділігін, қауіпсіздігін және экологиялық тазалығын арттыру мақсатында кәсіпорындарда технологиялық жаңғырту белсенді жүргізіліп жатқанын, халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа қуаттарды іске қосу жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Негізгі жобалардың ішінен келесілерді атап өтуге болады. Бірінші, «Qarmet» кәсіпорынын жаңғыртуға $3,5 млрд көлемінде инвестиция құю көзделген. Бұл жоба болат өндірісін 5 млн тоннаға ұлғайтуға, көмір химиясын дамытуға және 2028 жылға қарай зиянды шығарындыларды 20%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Шығарылатын өнімнің түрін кеңейту және сапасын арттыру мақсатында отандық өндірушілермен кооперациялық ынтымақтастық дамып келеді. Qarmet мырыш болатынан автобус корпусының қаптамалары мен ыстық прокаттан рама тораптары жасалуда. Суық прокаттан тұрмыстық техника корпустары шығарылып жатыр. Биыл Qarmet жазық прокатынан әртүрлі диаметрдегі тік тігісті құбырлар өндірісін іске қосу жоспарлануда. Екінші, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту кешені» базасындағы ыстықтай брикеттелген темір өндіру жобасы домна өндіріс процесін алмастырып, темір құрамы 90%-дан асатын өнімді алуға мүмкіндік береді. Жобаның қуаты 2 млн тонна және инвестиция көлемі $1 млрд жетеді. Үшінші, Solidcore Resources компаниясының автоклав өндіріс жобасы құрамында мышьяк мөлшері жоғары, қиын байытылатын алтын бар кендерді өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл жоба қазір экспортталып жатқан барлық шикізатты елімізде өңдеуге жол ашады. Инвестиция көлемі шамамен 300 млн доллар, ал жоба қуаты 15 тонна алтын. Төртінші, KazMinerals жаңа мыс балқыту зауытында реакциялардың жоғары жылдамдығы мен металдарды тиімді бөліп алуды қамтамасыз ететін технология қолданылатын болады. Жобаның стратегиялық серіктесі – әлемде беделді орын алған қытайлық NFC компаниясы. Инвестиция шамамен 1,5 млрд доллар, жобалық қуаты 300 мың тонна мыс өндіру» Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков
Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда тиімділікті арттыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және еңбек өнімділігін көтеру мақсатында цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізілуде. Маңызды бағыттардың бірі – зауыттың цифрлық «егіздерін» енгізу, өнеркәсіп роботтарын, жасанды интеллектті және машинаны үйретуді қолдану. ERG компаниясы бірқатар цифрлық жобаларды іске қосты. Мәселен, өндірістегі жүк көтергіш механизмдер қашықтан басқарылып, 7 мыңнан астам зиянды және қауіпті жұмыс орны цифрлануда.
«Шығыс» көмір кенішінде роботтандырылған самосвалдар қолданылып, 2,5 млн тоннадан астам тау жынысын тасымалдады. Kazakhmys компаниясында жерасты сымсыз радиобайланыс, қызметкерлер мен көлікті позициялау және қауіпті өндіріс жұмысшыларына арналған автоматтандырылған медициналық тексеру жүйелері іске қосылды. KazMinerals кенді ұсатудан бастап концентрат шығаруға дейін толық цифрлық трансформацияны жүзеге асыруда. Карьерлердің 3-Д моделін қалыптастыру үшін квадрокоптерлер қолданылады. Бұл жаңа цифрлық технологиялар жұмыс орындарының қысқаруына алып келмейтінін атап өткен жөн. Қызметкерлер қайта даярлау арқылы кәсіпорын ішінде басқа жұмыс орындарына орналасуда. «Qarmet» шахтадағы газ деңгейін тәулік бойы бақылайтын, ондағы әрбір жұмысшының орнын қадағалайтын цифрлық жүйе енгізді. Сонымен қатар магистралдық ленталы конвейерлерге өрт сөндіру жүйесін автоматты түрде қосуға мімкіндік беретін жабдықтар қойылуда.
Вице-министрдің сөзінше тау-кен металлургия саласын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар орта мерзімді перспективада оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Айдарлы, Көксай және Бенқала жаңа ірі кен орындарын іске қосу есебінен мыс кенін өндіру 2 есеге немесе 300 млн. тоннаға дейін ұлғайтылатын болады. Темір кенін өндіру ішкі сұраныстың өсуінен және жаңа жобалардың қосылу есебінен 40%-ға немесе 52 млн тоннаға дейін өседі. Бұл өз кезегінде: катодты мыс өндіру көлемін 2030 жылға дейін 2 есе арттыруға; Қостанай, Жамбыл облыстарындағы жаңа ыстықтай брекеттелген темір өндіретін, ССГПО және Fujian компанияларының жобалары іске асырылуы болат өндіру көлемін 2030 жылға дейін 3 есе арттыруға ықпал етеді. Негізгі металдардың қолжетімділігі, қосалқы салалардағы отандық кәсіпорындар үшін артықшылық береді. Біздің есебіміз бойынша 2030 жылға қарай өндірілетін металдардың көлемі ел ішінде өңдеу деңгейі жоғары өнімге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мыс өңдеу 91 мың тоннаға, алюминий 163 мың тоннаға және қорғасын 81 мың тоннаға жетеді. Министрлік тау-кен металлургия кешенін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істеп тұрған қуаттарды жаңғырту, озық технологияларды тарту, жаңа жобаларды іске қосу, сондай-ақ, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесетін цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жүргізілуде» Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков