Жас сарбаздар алғашқы атыс дайындығынан өтті

1848
Фотосурет: Ұлттық ұлан

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінде көктемгі шақырылыммен келіп, сапқа тұрған жас сарбаздар бастапқы әскери дайындық курсын жалғастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл күндері болашақ жауынгерлер үшін маңызды кезеңдердің бірі — атыс дайындығы сәтті өтті. Алғашқы апталарда сарбаздар саптық жүріс пен дене шынықтырудың негіздерін меңгеріп, әскери тәртіпке бейімделе бастады. Енді міне, жаттығу полигонында олар тұңғыш рет ұрыс қаруын қолға алып, АК-74 автоматынан оқ ату машығын сынады. Нысананы көздеп ату 100 метр қашықтықта жүргізілді. Атыс алдында қауіпсіздік техникасы мен қару қолдану ережелері бойынша нұсқаулықтар беріліп, теориялық білімдер бекітілді.

"Атыс дайындығы — бастапқы әскери оқудың маңызды бөлігі. Жас жауынгерлер өзіндік тәртіп пен жауапкершілік танытып, жақсы нәтиже көрсетті. Бұл — олардың ерік-жігері мен үйренуге деген құлшынысының белгісі" әскери бөлім командирінің орынбасары

Жаттығу барысында сарбаздардың көпшілігі жоғары ұпай жинап, нысананы дәл көздеуде жақсы нәтиже көрсетті. Атысты сәтті орындау үшін ең төменгі шек — 25 ұпай болса, кейбірі бұл межеден асып түсіп, жауынгерлік дайындығының жоғары деңгейін көрсетті.

"Алғашқы ату сәті — өмір бойы есте қалатын ерекше кезең. Бұл тек физикалық әрекет емес, бұл — Отан алдындағы парызды терең сезіну. Мен Ұлттық ұлан сапында қызмет ететініме мақтанамын" әскери қызметші Арсен Ауелов

Оқу процесін ұйымдастырып жүрген оқу пунктінің бастығы подполковник Азамат Канатович жас сарбаздардың әскери өмірге бейімделіп, тактикалық машықтары мен физикалық төзімділіктерін нығайтып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, әскери техникамен жұмыс істеу, қару-жарақты қолдану бойынша да алғашқы дағдылар қалыптасуда.

"Біздің сарбаздар табандылық пен тәртіптілік танытып келеді. Алда — оқу курсын толық аяқтап, Әскери ант қабылдау салтанаты өтеді. Бұл — олардың ел қорғауға әзір, нағыз жауынгерге айналғанының дәлелі болмақ," Бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Сәлімжанов

Айта кетейік, жас сарбаздар үшін Әскери ант қабылдау рәсімі алдағы күндері өтеді. Бұл — олардың ҚР Ұлттық ұланы сапында адал әрі абыройлы қызметке кіріскенін айғақтайтын маңызды тарихи сәт.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -