Қазақстанда еншілес банктер мен шетел банктерінің филиалдарын ашуға қойылатын талаптарды жеңілдетілді, аталған шара Мемлекет басшысының еліміздің қаржы нарығына сенімді шетел банктерін тарту жөніндегі тапсырмасын орындаудың шеңберінде іске асырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тиісті түзетулер Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 30 маусымда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген.
Заңда Қазақстанда филиал ашу үшін шетел банкінің жиынтық активтерінің ең төмен мөлшеріне қойылатын талап 20 млрд АҚШ долларынан 10 млрд АҚШ долларына дейін төмендетілді.
Әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында қаржы ұйымының кредиттік рейтингінің деңгейіне байланысты құжаттар тізбесі қысқартылды. Қаржы реттеушісі ақпараттық жүйелерден, интернет-ресурстардан және өтініш беруші елдің реттеушісінен дербес түрде ала алатын құжаттар алып тасталды.
Жұмыстың басталуынан бір жыл бұрын меншігінде үй-жайлардың болуына және штаттың жинақталуына қатысты талаптар жеңілдетілді.
Сондай-ақ, шетел банктерінің филиалдарына резерв ретінде қабылданатын активтерді тізбесі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәуекел деңгейі төмен қаржы құралдарына орналастыру мүмкіндігі берілетін болады.
Қазақстанның қаржы нарығында шетел банктері филиалдарының және екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істеуі үшін тең бәсекелестік жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында шетел банктерінің филиалдарына шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізуге, кастодиандық қызметті жүзеге асыруға, төлем карточкаларын шығаруға, синдикатталған қаржыландыруға қатысуға, агенттік қызметтерді жүзеге асыруға және т.б. рұқсат етілді.
Көрсетілген түзетулер 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Сондай-ақ, Заңда мінсіз іскерлік беделге қойылатын талаптар күшейтіледі.
Заң 2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енеді.