Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы агроөнеркәсіптік кешеннің даму қорытындылары бойынша кеңейтілген кеңес өткізді. Оған облыс әкімдерінің орынбасарлары, министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен өңірлік ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларының басшылары қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Өткен жылы аграршылар рекордтық өнім алып, экономиканың барлық салалары ішінде ең жоғары НКИ өсімін қамтамасыз етті. Бүгінде қаржыландыру бағдарламалары кеңейіп, мемлекеттік қолдау күшейіп отырғанда, біз қарқын төмендетуге құқылы емеспіз. Барлық деңгейде нақты үйлестіру мен жеке жауапкершілік қажет», – деді Айдарбек Сапаров.
Саладағы ағымдағы жағдай туралы есеппен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов сөз сөйледі. Оның айтуынша, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша АӨК жалпы өнім көлемі 1,8 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға өсті. Бұл өсім мал шаруашылығындағы (+3,2%) және егін шаруашылығындағы (+14,5%) көлемнің артуы есебінен қамтамасыз етілген.
Белгіленген өсім қарқынын қамтамасыз етпеген өңірлер қатарында Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары аталды. Сондай-ақ Жамбыл, Жетісу және Алматы облыстарында тамақ өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің төмендеуі тіркелді.
Әкімдіктерге өнеркәсіптік кәсіпорындармен жұмысты күшейту, бос тұрған қуаттарды іске қосу және инвестициялық жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
«1 тамыздан бастап Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады. Ол саланың жағдайы туралы нақты көрініс қалыптастыру үшін стратегиялық маңызға ие. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін 100% қамтуды, өңірлерде белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деп атап өтті Азат Сұлтанов.
Облыс әкімдерінің орынбасарларының назарында сондай-ақ көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру, СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы бойынша қаражатты игеру, минералдық тыңайтқыштарды уақтылы енгізу және элеваторларды орақ науқанына дайындау мәселелері болды.
Айдарбек Сапаров 1 тамыздан бастап жаңа мемлекеттік қолдау құралы – мал шаруашылығы саласында жылдық 5% мөлшерлемемен 50 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылатынын хабарлады. Бағдарламаның қолжетімділігін арттыру үшін бордақылау алаңдарына қойылатын талаптар қайта қаралып, ең төменгі қуат көрсеткіштері төмендетілді. Сонымен қатар асыл тұқымды мал сатып алуға арналған «Игілік» бағдарламасы да іске қосылады.
Кеңес қорытындысы бойынша өңірлерге іс-шаралар жоспарларын қысқа мерзімде өзектендіру, бөлінген қаражатты игеруді бақылауды қамтамасыз ету және мемлекеттік аграрлық саясаттың барлық негізгі бағыттары бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен жұмысты жандандыру тапсырылды.