Астанада еріктілер Есіл өзенінің жағасын қоқыстан тазартты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл іс-шара «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экоакциясы аясында өтті.
Іс-шараны Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Сондай-ақ тазалық жұмысын жүргізуге «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының 20-дан астам белсенді еріктісі қатысты.
«Елорданың осы қоғамдық орындарында серуендеген кезде тазалық жұмысын жүргізу қажеттігін білдік. Содан бүгін еріктілермен бірге айналаны күл-қоқыстан тазарттық. Бірнеше сағат ішінде 20-дан астам қапшық қоқыс жиналды. Өздеріңізге мәлім, мұнда балық аулаушылар көп келеді. Олар өзен маңында қоқыс контейнерлері болмағандықтан, заттарын тастап кетеді.
Сондықтан бұл аймаққа қоқыс тастауға арналған контейнерлерді көбірек орналастыру қажет.
Бүгінгі іс-шараға қатысқан еріктілерге де алғысымды білдіремін», - деді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы былтыр көктемде бастау алған. Осылайша ол бүкіл ел аумағында жалғасқан кең ауқымды шараға айналды.
Аталмыш акция елорда өмірінің ажырмас бөлігіне айналып отыр. Осындай іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақты экологиялық мәдениетке баулуға болады.