Нұрлан Түймелиев: «Ел мен жерге жанашырлық бәрінен биік тұруға тиіс»

11605
Фотосурет: Нұрлан Түймелиев

Түгел түркінің алтын бесігі, қастерлі қонысы саналатын Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елдік істерді саралап, адал азамат қандай болуға тиіс деген өзекті сұраққа өзінің пайымды пікірін білдірді. «Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады», деген еді ел Президенті. Расында да, Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Мемлекет басшысы айтқандай, Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Адал адам мен әділетті мемлекет – егіз ұғым. Адал адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауға тиіс. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады.

Қоғам қайраткері, меценат, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Нұрлан Түймелиев осы талаптарға толыққанды сәйкес азамат деп бағамдаймыз. Ол еселі еңбек етіп, жұртшылықтың алғысына бөленіп келеді. Көптеген игілікті істерге ұйытқы болып, елдік істер мен өрелі жұмыстардың басы-қасынан табылады.

 «QAZAQ»-тың анықтамасы:

Түймелиев Нұрлан Лесұлы – қоғам қайраткері, кәсіпкер, меценат, Алматы облыстық мәслихатының депутаты.

Қазақстан халықтар достығы инженерлік-педагогикалық университетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1987 жылы қазіргі Түркістан облысы Төлеби ауданы Ленгер қаласындағы №167/16 Ә/Б мекемесінің коменданттығынан бастаған. 1998 жылдан бүгінге дейін «Түймелиев» кәсіпорнының директоры қызметін атқарады. Нұрлан Лесұлы қоғамдық тамақтану және туризм салалары бойынша кәсіпкерлікпен айналысады.

Ол Алматы облысы Іле ауданының мәслихатының VII шақырылымының депутаты болып сайланған.

Алматы облысы Іле ауданының Ауған соғысы ардагерлерінің жеке қайырымдылық қорының төрағасы әрі аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Нұрлан Түймелиев қоғамдық және азаматтық белсенді қызметі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғысымен», «Шапағат», «Отан патриоты», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» медальдарымен марапатталған.

Алматы облысы мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Іле ауданының «Құрметті азаматы» атағына ие болған.

 

«МЕН ҮШІН ӨМІРДІҢ МАҒЫНАСЫ – АДАЛ ӨМІР СҮРУ»

Нұрлан Лесұлы, халқымызда «Ауылына қарап, азаматын таны» деген ұлағатты сөз бар. Қазақта өзі өсіп-өнген өңірін өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеуге бар күшін жұмсап келе жатқан қолы ашық, маңдайы жарқын ақпейіл азаматтар баршылық. Сізді етене жақсы танитындар осындай жандардың санатына қосады. Мұндағы мақсатыңыз не?

– Сауалыңызға рақмет. Бұл сұрақ мен үшін аса маңызды әрі жүрекке жақын. Шынында да, адам өмірінде туған жердің, өскен өңірдің алатын орны ерекше. Біз қайда жүрсек те, қай деңгейге жетсек те, кіндік қанымыз тамған топырақтың алдында қашан да қарыздармыз. Мен үшін туған ауыл – тек мекен емес, ол – тәрбие бесігі, адамдықтың мектебі, болмыстың бастауы. Ауылын сүйетін адам – елін сүйеді, елін сүйетін адам – ұлтына бар қажырымен қызмет етеді.

Менің басты мақсатым – ауылдағы ағайынның өмір сапасын жақсарту, жастарына жол ашу, үлкендеріне қамқор болу. Бұл – парызым әрі азаматтық борышым. Елдің ертеңі – елге жаны ашитын, ұлттың қамын ойлайтын, өз өңірін гүлдендіруге талпынатын азаматтардың арқасында жарқын болмақ. Сондықтан мен де қолдан келгенше, туған өлкеме пайдам тисе екен деп, бір істі бастасам – аяғына дейін жеткізуге тырысамын. Мен үшін өмірдің мағынасы – адал өмір сүру.

– Әл-Фараби бабамыз «Тұрғындары бір-біріне мейірімді, қайырлы, қамқор, еңбекқор, ең бастысы, өздерінің туған қаласын ерекше сүйетін қауым – қайырымды қаланың тұрғындары» дейді. Ізгі қоғам құрудың негізгі өзегі не деп ойлайсыз?

– Әл-Фараби бабамыздың бұл сөзі – мәңгілік маңызын жоғалтпайтын ілім. Менің ойымша, ізгі қоғам – адамдардың бір-біріне деген құрметінен, әділетті қарым-қатынасынан, ішкі жан дүниесінің тазалығынан басталады. Қоғамның көркеюі тек заңмен немесе билікпен емес, әр адамның өз ісіне адалдығымен, жүрегіндегі мейіріммен, кісілік келбетімен тікелей байланысты.

Егер әрбір азамат өз саласында жауапкершілікпен қызмет етсе, өз отбасына, көршісіне, қоғамға адал болса – онда қоғамда әділет орнайды. Ізгілік – бұл күнде біреуге көмектесу ғана емес, әділетсіздікке жол бермеу, қоғамның мүддесін жеке басының пайдасынан жоғары қою.

 

«ӘР САЛАДА АДАЛДЫҚ БАСТЫ ОРЫНДА ТҰРСА, ӘДІЛ ҚОҒАМ ОРНАЙДЫ»

– «Өркениетке қол жеткізген елде имандылық, қайырымдылық қорлары жыл санап, уақыт санап көбейе түседі...» деген сөз бар. Қазіргі күнді зерделеп, сараптап отырсақ, өркениетке жеткен сияқтымыз. Бұлай деп айтуымызға басты себеп – ел арасында Сіз сияқты «Атымтай жомарт» азаматтардың қарасының көбеюі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, өзіңіздің бастамаңызбен іске асқан қайырымдылық шаралары туралы айтып өтсеңіз...

– Мен өзімді мақтанышпен айтып, жасап жүрген ісімді, қайырымдылықты жарнамалауды мақсат тұтпаймын. Бірақ, ел ішінде игі істің үлгісі болсын деген ниетпен бөлісетін сәттер болады. Соңғы жылдары бірнеше қайырымдылық жобаларына бастамашы болдық. Мәселен, ауылдарда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тұрғын үй алып беру, көпбалалы аналарға қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арбалар мен арнайы құрылғылар табыстау – күн тәртібінен түскен емес. Мектептер мен балабақшаларға жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесу, ауыл жастарына спорт және мәдени нысандар салу – осындай жұмыстар мен үшін үлкен мәртебе. Қайырымдылық – тек материалдық көмек емес, адамның жан дүниесіне жылу сыйлау, үміт отын жаға білу. Елге жақсылық жасау – мен үшін өмірлік ұстаным. Осы орайда әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды деген сәулелі ойды айта кеткім келеді.

– Алматы облысы – еліміздегі ең іргелі аймақтың бірі. Тршілігі қыз-қыз қайнаған осынау өңірдегі облыстық мәслихаттың депутаты ретінде көптеген бастамаларға мұрындық болып, түйіні тарқатылмаған түйіткілді жайлардың оңтайлы шешім табуына түрткі болып келесіз. Халық қалаулысы ретінде аймақта қандай мәселелердің оңтайлы шешім табуына себепкер болдыңыз?

– Мәслихат депутаты ретінде маған сенім артқан елдің аманатын арқалап жүргенім – үлкен жауапкершілік. Облыс бойынша өзекті мәселелердің бірі – ауыл инфрақұрылымын дамыту, жол, ауыз су, мектеп, медицина сынды салалардағы олқылықтарды жою, кетеуі кеткен кемшіліктерді түзеу. Осы бағытта көптеген жобалар жүзеге асырылды. Мысалы, шалғай ауылдарға жаңа медициналық пункттер салынды, кейбір елді мекендерге су құбыры тартылып, жолдар жөнделді.

Сондай-ақ, жастар мен кәсіпкерлерге арналған гранттық қолдаулар жүйесін дамыту, ауылдық кәсіпкерлікті көтеру бағытында нақты ұсыныстарымыз қабылданып, бірқатар жобалар қаржыландырылды. Бұл – бір адамның емес, ел болып, бірлесе атқарған істің нақты жемісі.

 

«АДАЛ АДАМ ҚАРА БАСЫНЫҢ ҚАМЫН ЕМЕС, ХАЛҚЫНЫҢ ИГІЛІГІН ОЙЛАУҒА ТИІС»

– Нұрлан Лесұлы, сіздің пікіріңізде адал адам – ол қандай адам?

– Адал адам – ол шыншыл, әділ, сөзі мен ісі бір жерден шығатын тұлға. Адалдық – адамның ішкі тазалығы, иманы мен арына деген құрметі. Адал адам ешкімнің ақысын жемеуге тырысады, жауапкершілікті сезінеді, өз пайдасынан бұрын елдің пайдасын ойлайды. Қоғамды алға сүйрейтін де, сенім орнататын да – адал азаматтар. Адал адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауға тиіс.

Бүгінгі таңда еліміздің басты байлығы – адалдықты ту еткен, әділдік жолынан таймайтын азаматтар. Егер әр салада осындай адамдар көбейсе – әділ қоғам орнайды. Менің ұстанымым: «Адал адам – арының алдында да, халқының алдында да ұялмайтындай өмір сүруі тиіс».

Қорыта айтқанда, адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Қазіргі заманда бұл қасиеттің көп адамдардың бойынан табылмай, азайып бара жатқаны қынжылтады. Мен үшін адал адам – біреудің ала жібін аттамайтын, біреуге қиянат жасамайтын, өне бойынан қарапайымдылық табылатын, көркем мінезді адам.

– Әңгімеміздің ауанын өзге бағытқа бұрсақ. Сіз «мемлекетшіл», «елшіл» деген ұғымдарды қалай түсінесіз? Сіздің пайымдауыңызша ол қандай азамат? Анықтамасы бар ма?

– Әлбетте, менің түсінігімдегі «мемлекетшіл» деген ұғым – мемлекет мүддесін жеке мүддеден биік қоя білетін азаматты білдіреді. Ол – өз іс-әрекетінде ел бірлігі мен тұрақтылығын басты орынға қоятын адам. Ал «елшіл» адам – елін сүйетін, оның болашағы үшін шын жанын беруге дайын тұратын тұлға.

Мұндай адамда тек сана ғана емес, жүрек те сөйлейді. Елдің жетістігіне қуанады, кемшілігіне күйінеді, игі іске атсалысудан қашпайды. Олар сын айтқанда – даттамай, жөн сілтейді; мақтағанда – бос мақтанмен емес, ұлтқа үлгі ету үшін айтады. Меніңше, мемлекетшіл, елшіл адам – ол халқы үшін аянбай еңбек ететін, ел тағдырына бейжай қарай алмайтын нағыз ұлтжанды азамат.

 

ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА:

–  Сіз үшін өмірдің мағынасы неде?

– Өмірдің мәні – қарапайым адам бола білуде, әрбір сәттен ләззат алуда, талпыныс жасауда, әрбір нәрсенің байыбына жетіп қастерлеуде. Еліме, жеріме, жақындарыма пайдалы болып, адам деген атқа лайық болып қалу. Есің бар болса халқыңа пайдаңды тигізетіндей, ізің қалатындай болып өмір сүру. Әр азамат солай ғұмыр кешуге тиісті. Сонда ғана ер екеніңді танытасың.

Өмірдегі немесе жұмыстағы басты ұстанымыңызды білсек бола ма?

– Ұстанымым – таза жүру, ешкімнің көңілін қалдырмау. Бойымда қарапайымдылық қасиетті сақтап, ешкімге тәкаппарлық мінез көрсетпеу. Әрқашан өмірдің алма-кезек екенін ешуақытта естен шығармау керек.  «Мен қанша биікке көтерілсем де, халықтан төмен екенімді ұмытқаным жоқ», – деген бірегей тұлға, халқымыздың даңқты перзенті Дінмұхамед Қонаевтың осы бір халық арасындағы кең таралған сөзі менің өмірімдегі әрі қызмет барысындағы басты қағидам.

– Өмірдің мағынасы неде?

– Өмірдің мәні – адам бола білу. Кей адамдар өмірдің мәнін табыстан, мансаптан немесе материалдық байлықтан іздейді. Ал шын мәнінде, адам өз жүрегіндегі мейірімді оята білсе, айналасына жақсы сөз айтып, жан жылуын бере алса – сол кезде ғана өмір шынайы мәнге ие болады. Себебі адам баласы өмірдің түпкі мәнін басқаларға жасаған жақсылығынан, өз орнын табуынан, шынайы қарым-қатынастан сезінеді.

– Өмірде өз жолын табу үшін ең басты қандай қасиет болуы керек?

– Өмірде өз жолын табу үшін бір ғана қасиет керек. Ол – еңбек. Табанды еңбек қана мақсатқа жол ашады. Өскелең жастарға да айтарым осы.

– Қазіргі жастардың бойындағы қандай қасиет ұнайды?

– Жаңашылдыққа жаны құштар. Бүгінгі өскелең ұрпақтың бойында еркіндік пен креативтілік бар. Өз пікірлерін ашық айтады, ойлары ұшқыр. Кез келген ортаға тез бейімделеді.

– Алдыңғы буын ағалардың қандай қасиеттерін бағалайсыз?

– Халқымыз ғасырлар бойы тәуелсіздік пен бостандыққа ұмтылды. Оған жету үшін бабаларымыз рух күшін, төзімділікті, мақсаткерлікті, стратегиялық ақыл-ойдың озық үлгісін көрсетті. Бұл мені таңдандырады.

– Жас Нұрланның арманы қандай еді? Балаң мақсаттар орындалып келеді ме?

– Бала Нұрланның арманы мен мақсаты өзін-өзі дамыту және үнемі алға қарай ұмтылу болған еді. Мен білімге құштар болдым. Еңбек етуден және үйренуден қорықпадым. Бұл қасиет әлі күнге дейін бойымда бар.

– Емен-жарқын әңгімеңізге рақмет!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -