ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан мен Тәжікстандағы Индонезия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохамад Фаджроэль Рахманмен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Келіссөздердің басты тақырыбы энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту және өзара түсіністік туралы жаңа Меморандумға қол қою болды.
Кездесу барысында тараптар әріптестікті кеңейтудің нақты тетіктерін талқылап, инвестиция тарту мен технологиялар алмасуына ерекше назар аударды. Қазақстан шетелдік серіктестер үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенін растады. Атап айтқанда, Энергетика министрлігі мұнай-газ секторының тұрақтылығы мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған кешенді шаралар қабылдауда.
"Қазақстан Индонезиямен әріптестік қатынастарды дамытуға ерекше мән береді. Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға қызығушылық білдірілгенін жоғары бағалаймыз. Бұл құжат жан-жақты ынтымақтастыққа жол ашады. Біздің серіктестігіміз озық технологиялар мен инвестицияларды тартуға бағытталады. Бұл – отандық энергетиканы дамытудың басым бағыттарының бірі" Ерлан Ақкенженов
Елші Мохамад Фаджроэль Рахман Индонезияның ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады және мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Екі елдің энергетика саласындағы уәкілетті органдары арасында өзара түсіністік туралы жаңа Меморандумға қол қою – ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңызды қадамы болмақ. Бұл өз кезегінде энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және экономикалық өсімге ықпал етеді.