Жаңаөзен қаласында орналасқан Ұлттық Ұланның 5548 әскери бөлімінде жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салтанатты шарада 230-дан астам жас сарбаз Отанға адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын бұлжытпай орындауға ант берді.
Әскери бөлімге шақырылған сарбаздар еліміздің әр аймағынан, атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан келген. Шараға Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов арнайы қатысып, жас сарбаздарды құттықтап, Отан алдындағы борышты абыроймен атқаруға тілектестік білдірді.
Әскери ант – тек сөз емес, бұл – үлкен жауапкершілік. Елін, жерін сүйген әр азамат үшін бұл күн – ерекше, жүрекке жазылатын сәт. Сіздердің әрқайсыңыз ата-ана, туған-туыстар мен бүкіл халықтың үмітін арқалап тұрсыздар. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ер азаматқа жүктелетін қасиетті міндет Жаңабай Аймағанбетов
Әскери рәсімнен соң сарбаздар сап түзеп, бөлім командирлерінің бұйрығымен танысты. Салтанатты іс-шараға сарбаздардың ата-аналары, туыстары және қала тұрғындары қатысып, әскери өмірге алғашқы қадам басқан жастарға сәттілік тіледі.