Жұмыссыздар, дағдарыс және төтенше деңгейдегі әлеуметтік жағдайдағы азаматтардың жарналары жергілікті бюджет есебінен төленіп, МӘМС жүйесіне қатысушылар саны артады деп күтілуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
«Қазір шамамен 16,7 миллион адам сақтандырылған, бұл халықтың 82,3%-ын құрайды. Олардың ішінде 12,1 миллион адам (72,5%) жеңілдік санатына жатады. Ал жүйеден тыс қалған 3,3 миллион азаматтың 2,4 миллионының өмір сүру деңгейі жақсы және қанағаттанарлық, ал шамамен 1 миллион адам дағдарыс (Д) және төтенше (Е) әлеуметтік жағдайдағы, яғни табысы төмен, отбасының негізгі қажеттіліктерін әзер жабатын азаматтар» Ләззат Шоманова
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, осы соңғы топқа жататын азаматтар үшін МӘМС жарналары жергілікті атқарушы органдар тарапынан азаматтар медициналық көмекке жүгінген кезде төленеді, бұл халықаралық тәжірибеге сай қажетті медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздардың жарналары да жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде болады.
Осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қамтылады.