2025 жылғы 2–4 қазан аралығында Астана қаласы тағы да цифрлық инновациялар орталығына айналады. Digital Bridge 2025 халықаралық форумы жасанды интеллект, технологиялық стартаптар және цифрлық шешімдер салаларындағы кіл мықтыларды анықтайтын үш басты байқауға өтінім қабылдау басталғанын хабарлайды. Олардың қатарында, Digital Bridge Awards, Generative Nation Pitch және Astana Hub Battle, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Digital Bridge – жай ғана форум емес. Бұл – жыл сайын мықты жобалар пайда болатын, серіктестік байланыс орнап, цифрлық трендтер қалыптасатын алаң. 2023 жылы форумға 30 елден 30 мыңнан астам қатысушы келді. Ал Astana Hub Battle байқауына 200-ден астам стартап қатысып, мыңдаған адам офлайн және онлайн тамашалады. 2025 жылы біз тағы бір межені бағындырмақпыз: өтінім саны артады, бәсеке күшейеді, алаң ауқымдырақ бола түседі. Бұл – өнімін көпшілік назарына көрсетіп қана қоймай, оның күшін жаһандық деңгейде дәлелдеуге дайын командалардың нағыз шешімдері жарияланатын алаң болмақ» Digital Bridge бас директоры Дания Ахметова
Astana Hub Battle – Орталық Азиядағы ең ірі стартап-бәйгелердің бірі. Бұл алаңда стартаптар қаржыландыруға, менторлық қолдауға және халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік алады. Байқауға MVP немесе PMF сатысындағы дайын өнімдері бар стартаптар қатыса алады. Онлайн-іріктеуден кейін жартылай финалға 50 команда өтеді, ал ең үздік 10 команда форумның басты сахнасында 4 қазан күні өз жобаларын ұсынады. Жүлде қоры – $100 000.
Байқауға қатысу арқылы стартаптар венчурлық инвесторлармен, халықаралық корпорациялармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және мемлекеттік құрылымдармен байланыс орнатады. Жеңімпаз тек ақшалай жүлдеге ие болып қана қоймай, Astana Hub инфрақұрылымы, халықаралық қауымдастық пен сарапшылық қолдау арқылы жобасын масштабтауға мүмкіндік алады. Өтінімдер сілтеме арқылы 20 тамызға дейін қабылданады.
Generative Nation Pitch – жасанды интеллект саласындағы жас таланттар, стартаптар және ғылыми топтар бас қосатын ұлттық питч-платформа. Байқау төрт санаттан тұрады: AI Schoolers – 12–18 жас аралығындағы мектеп оқушылары; AI Students – колледждер мен ЖОО студенттері; AI Startups – дайын MVP бар командалар; AI Science – ғылыми-зерттеу жобалары.
Қатысушылардың жобалары түпнұсқалық, практикалық қолдану мүмкіндігі, ауқымдану әлеуеті және ЖИ-тің этикалық қырынан бағаланады. Финалға шыққан қатысушылар alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында халықаралық сарапшылар, инвесторлар және мемлекеттік органдар алдында өз жобаларын қорғайды. Барлық санат бойынша тіркеу 24 тамызға дейін ашық.
Digital Bridge Awards – форумның шарықтау шегі әрі Қазақстандағы басты технологиялық сыйлық. Жыл сайын цифрлық трансформация көшбасшыларын, жаңашылдарды және технология арқылы салаларды өзгертіп жатқан компанияларды марапаттайды. Биыл марапат 8 номинация бойынша табысталады:
- Export Excellence – IT өнімдер мен қызметтерді экспорттаудағы жетістіктер;
- Tech Leadership Laureate – IT, стартап және цифрлық білім беру саласындағы көшбасшылар үшін;
- AI Solution of the Year – үздік жасанды интеллект шешімі;
- EdTech of the Year – білім беру саласын трансформациялаған технологиялық жоба;
- GovTech Innovation – мемлекеттік қызметтерді жақсартуға арналған цифрлық шешім;
- Tech Media Excellence – IT саласын тиімді насихаттаған медиа;
- Social Impact Project – технология арқылы әлеуметтік өзгеріс әкелген жоба;
- «Цифрлық өзгерістер: Қазақстанды медиа көзімен» – Қазақстанның цифрлық трансформациясын шетелде көрсеткен БАҚ үшін арнайы номинация (ҚР СІМ-нің бастамасы).
Іріктеу төрт кезеңнен тұрады: ашық өтінім, кеңейтілген анкета, жасанды интеллект арқылы аналитика және қазылар алқасының қорытынды шешімі. Жеңімпаздардың есімі форумның басты сахнасында мемлекет басшылары, халықаралық серіктестер мен IT саласының негізгі өкілдері алдында жарияланады. Өтінімдер қабылдау 24 тамызға дейін сілтеме арқылы жүргізіледі.
Сондай-ақ Digital Bridge Awards сахнасында 20 қаланы қамтитын және отандық әзірлеушілер қауымдастығын біріктірген Decentrathon 4.0 хакатонының жеңімпаздарының да есімдері жария болады.
Айта кетерлігі, Digital Bridge 2025 форумының басты тақырыбы – Generative Nation. Бұл – Қазақстанның озық технологиялар мен жасанды интеллект негізінде білімді қоғам қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағытын білдіретін ұғым. Форум ұйымдастырушылары – Astana Hub халықаралық инновациялық технопаркі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі.