Қазақстандағы өкпе обыры: алаңдатарлық статистика және дәрігерлердің кеңестері

1045
Фотосурет: freepik.com / Жасанды интеллектпен жасалған

Қазақстанда 1 тамыз – Дүниежүзілік өкпе обырымен күрес күніне орай Өкпе обыры туралы хабардарлықты арттыру апталығы жалғасуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Дәрігерлер ерте диагностикалау мен темекіден бас тарту өмірді құтқаратынын еске салады.

Өкпе обыры – әлемде де, Қазақстанда да ең қатерлі әрі өлім-жітімі жоғары онкологиялық аурулардың бірі болып отыр. Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінің (GLOBOCAN) деректеріне сәйкес, жыл сайын әлем бойынша бұл аурудың шамамен 2,2 миллион жаңа жағдайы тіркеледі.

Дамыған елдерде, соның ішінде АҚШ-та, Еуропа мемлекеттерінде және Оңтүстік Кореяда өкпе обырының барлық түрлері бойынша бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 30%-дан аспайды. Бұл өзге онкологиялық аурулармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мысалы, қуық асты безі обырында бұл көрсеткіш – шамамен 97,5 %, сүт безі обырында – 90,3 %, тоқ және тік ішек обырында – шамамен 65 %. Мұндай айырмашылықтар өкпе обырының агрессивті өтуін және ерте анықтау мен емдеу стратегияларын жетілдіру қажеттігін айқын көрсетеді.

Қазақстандық онкология институтының деректеріне сәйкес, бүгінде өкпе обыры бойынша диспансерлік есепте 7 350 науқас бар, олардың 2 473-і бұл диагнозбен бес жылдан астам өмір сүріп келеді. 2024 жылы «өкпе обыры» диагнозы алғаш рет 3 707 адамға қойылды. 2025 жылдың алғашқы 7 айында 2 281 жаңа жағдай анықталды. Қазіргі динамика сақталса, жылдың соңына қарай жаңа диагноздар саны 2024 жылмен салыстырғанда 5,5 %-ға артуы мүмкін.

Дәрігерлердің айтуынша, өкпе обыры бар науқастардың шамамен 37 %-ы диагноз қойылғаннан кейінгі бірінші жылы қайтыс болады. Негізгі себеп – аурудың кеш анықталуы, яғни оның III–IV сатысында белгілі болуы.

Қазақстандық онкология институтында жыл сайын шамамен 10 000 пациент тексеруден өтіп, ем қабылдайды, олардың 30 %-ға жуығын өкпе обырымен ауыратындар құрайды. Жыл сайын 1 400-ден астам өкпе обыры бар науқасқа мамандандырылған көмек көрсетіледі, олардың 35 %-ына (шамамен 250–350 адамға) хирургиялық ем жүргізіледі.

Клиникалық тәжірибеде қазіргі заманғы хирургиялық әдістер, соның ішінде реконструктивті-пластикалық және ағза сақтайтын операциялар қолданылады. Ерекше назар аз инвазивті торакальды хирургияға аударылады: торакоскопиялық лобэктомиялар лимфодиссекциямен, сондай-ақ бронхо- және ангиопластикалық операциялар жасалады. Барлық операциялар торакальды онкохирургияның халықаралық стандарттарына сай жүргізіліп, медициналық көмектің жоғары сапасын және ем нәтижелерінің қолайлы болуын қамтамасыз етеді.

Ауруды ерте анықтаудың ең тиімді әдістерінің бірі – жоғары қауіп тобындағы адамдарға (ең алдымен ұзақ уақыт темекі шеккендерге) арналған төмен дозалы компьютерлік томография (ТДКТ) арқылы скрининг. Сондай-ақ, орталық орналасқан ісіктерді анықтауда жоғары диагностикалық дәлдікке ие бронхоскопия әдісі кеңінен қолданылады. 2025 жылы институтта 240-тан астам осындай процедура жүргізілді.

Ем тактикасын анықтау үшін қосымша иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізіледі. Бұл, әсіресе, ұсақ жасушалы емес өкпе обырында маңызды, өйткені EGFR, ALK, ROS1, ERBB2, MET гендеріндегі мутациялар емдеу тәсілін және болжамды тікелей анықтайды.

Қазақстанда бес референстік зертхана жұмыс істейді, олар халықаралық стандарттарға сай күрделі зерттеулер жүргізуге аккредиттелген. Бұл онкологиялық көмектің мемлекеттік және жекеменшік секторында неғұрлым дәл диагностика мен жекелендірілген терапия тағайындауға мүмкіндік береді.

Онкологтардың бағалауынша, өкпе обырының негізгі қауіп факторы – темекі шегу. Науқастардың 80%-дан астамы – қазіргі немесе бұрынғы шылымқорлар. Дәрігерлер атап өтеді: темекіні тұтынудың қауіпсіз деңгейі жоқ. Темекіден кез келген жаста бас тарту қатерлі ісіктің даму қаупін төмендетеді.

Қазақстандық онкология институтының торакальды хирургі Бауржан Оспанұлы Иманбеков атап өткендей, темекіден бас тарту – аурудың алдын алудағы басты қадамдардың бірі. Диагноз қойылғаннан кейін де шылым шегуді тоқтату болжамды жақсартып, дерттің өршу қаупін азайтып, ем тиімділігін арттыра алады.

Сонымен қатар, онкологтар мынадай ұсынымдар береді:

  • салауатты өмір салтын ұстану;
  • теңгерімді тамақтану;
  • дене белсенділігін сақтау;
  • зиянды заттармен байланыста жеке қорғаныс құралдарын пайдалану;
  • қауіп факторлары бар кезде тұрақты тексеруден өту;
  • жөтел, ентігу, кеуде тұсындағы ауырсыну және салмақ жоғалту сияқты белгілер байқалғанда дер кезінде дәрігерге қаралу.

Ерте диагностика – обырмен күрестегі негізгі фактор және ол емдеуді дер кезінде бастап, ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізу мүмкіндігін едәуір арттырады.

Актуалды ақпарат пен ұсынымдарды біздің Telegram арнамыздан таба аласыз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -