Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барып, жергілікті шаруалармен кездесіп, суару науқанының барысымен танысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ведомство басшысы Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы шаруа қожалықтарында болып, күріш алқаптарының жағдайын көрді.
Қазіргі уақытта Қызылорда облысында бес магистральдық және үш шаруашылықаралық канал арқылы кезекпен су беріліп жатқанын еске сала кетейік. Бүгінгі таңда аймақтағы барлық дақылдың 98%-ы кезекпен суарылып жатыр.
Су беруді жақсарту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі ирригациялық каналдарға жылжымалы сорғы қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізді. Барлығы 324 агрегат орнатылды.
«Ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу және су үнемдеу технологияларын енгізу – қазіргі жағдайда қажет шаралар. Министрлік заманауи суару жүйелеріне көшу үшін барлық жағдайды жасады. Мысалы, біз бұрын тек 200 гектардан астам егістігі бар шаруашылықтарға ғана берілетін лазерлі тегістегішке арналған субсидия талабының күшін жойдық. Бұл технологияны қолдану күріш алқаптарында суды 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ министр Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесіп, суару кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету шараларын талқылады.