Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде орналасқан аудандық аурухана облыстық бюджет қаржысы есебінен заманауи медициналық техникамен жабдықталды. Жаңадан алынған аппараттар түрлі ауруларды жоғары дәлдікпен анықтап, тиімді ем жүргізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Медициналық мекеменің басты жаңалықтарының бірі – мобильді рентгенологиялық кешен. Бұған дейін дәрігерлер тек стационар жағдайында қолданылатын ескірген құрылғымен жұмыс істеген.
– Флюорография функциясы бар мобильді рентген жүйесі ескі жабдықтың орнына алынды. Ол шолу рентгендік және флюорографиялық түсірілімдерді орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қозғалысы шектеулі немесе тасымалдауға келмейтін науқастарға кеңейтілген диагностика жүргізуге жағдай жасайды, – деп мәлімдеді емхана меңгерушісі Денис Лавриков.
Аурухана сонымен қатар заманауи ЛОР-комбайнмен толықты. Онда вакуумды сорғыш, дәрі енгізу жүйесі, құралдарды жылыту және жарықтандыру құрылғылары бар. Мұндай жабдық дәрігер мен пациент үшін барынша қолайлы жағдайда тексеру және ем-шаралар жүргізуге мүмкіндік береді.
– ЛОР-комбайн бейнежүйемен, аспирациямен, жарықтандырумен және шаю функциясымен жабдықталған. Бұл құлақ, тамақ және мұрын ауруларын диагностикалау мен емдеуді жаңа деңгейге көтереді, – деді Денис Лавриков.
Сонымен бірге аурухана қазіргі қауіпсіздік талаптарына сай әмбебап операциялық үстелмен жабдықталды.
Тағы бір маңызды жаңалық – өкпені жасанды желдету аппараты. Ол реанимация және интенсивті терапия бөлімдерінде ересектерге де, балаларға да қолдануға арналған.
– Реанимация бөліміне тәулік бойы жүрек соғысын, қанның оттегімен қанығуын, артериялық қысымды және дене температурасын бақылап отыратын пациент мониторын сатып алдық, – деді стационар меңгерушісі Қанат Оспанов.
Операциялық бөлімге жаңа наркоз-тыныс алу аппараты орнатылды. Ол науқасқа ингаляциялық анестетиктер мен оттегін беріп қана қоймай, өмірлік маңызды функцияларын толық бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Жаңадан алынған бұл жабдықтар аудандық аурухананың диагностикалық және емдік мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтті.