12 тамыз – Халықаралық жастар күні
Бүгінгі жас ұрпақ – ел ертеңінің айнасы, мемлекетіміздің қуаты мен тірегі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Әр буынның өз міндеті бар десек, қазіргі жастардың ішінде Отан алдындағы қасиетті борышын өтеп жүрген сарбаздар – соның жарқын үлгісі. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы – тек әскери құрылым ғана емес, тәртіп пен батылдықтың, табандылық пен елжандылықтың мектебі.
Мұнда қызмет етіп жүрген әрбір жауынгер жас болса да, ел қауіпсіздігінің қалқаны, бейбіт өмірдің берік қорғаны.
Қатардағы жауынгер, Қызылорда қаласының тумасы Аслан Жакаев бұл жайында былай дейді:
– Біз – өз елінің тыныштығын күзеткен буынбыз. Бұл – әрбір жігіттің абыройлы борышы. Қызмет бізді тәртіпке, жауапкершілікке және бірлікке баулиды, – дейді жас сарбаз.
Түркістан облысы, Арыс қаласынан шақырылған қатардағы жауынгер Ерлан Бекмырзаев:
– Отан алдындағы қызмет – мен үшін мақтаныш. Бір жылдық мерзім тек әскери дағды ғана емес, өмірлік тәжірибе береді, – деп ағынан жарылды.
Ал Ақтөбе қаласынан шақырылған қатардағы жауынгер Елдар Молданиязов өз ойымен бөлісті:
– Әскер қатарына келген күннен бастап өзімнің жауапкершілігімді сезіндім. Бұл жер бізді төзімділікке, бір-бірімізді құрметтеуге және Отанды шынайы сүюге үйретеді. Ел тыныштығын күзету – үлкен мәртебе, – дейді ол.
Таңғы шыбын қаққан салқынмен басталатын жаттығулар, қару-жарақты баптау, жауынгерлік дайындық – бәрі де сарбаздың жігерін шыңдап, рухын көтереді.
Уақыт өткен сайын олар тек әскердің ғана емес, елдің де сенімді тірегіне айналады. Халықаралық жастар күні – мереке ғана емес, жас сарбаздар үшін өздерінің Отанға адал қызмет етіп жүргенін терең сезінетін күн. Бүгінгі ер жүрек жастар – ертеңгі ел тұтқасы. Олардың табанды еңбегі мен қайсар рухы мемлекетіміздің бейбіт те баянды болашағына кепіл.