«АлЭС» компаниясында 2025 жылдың екінші тоқсаны бойынша өндірістік департаменттердің бастамашыл топтары Кайдзен тәсілін енгізу жобаларын сәтті қорғады. Біздің газет бұл жапон өндірістік философиясының алматылық энергетика компаниясының тәжірибесіне енгізілуі туралы бұған дейін де бірнеше рет жазған болатын. Кайдзен – өмірдің және қызметтің барлық қырларын үздіксіз жетілдіруге бағытталған тұжырымдама.Бір қарағанда, бұл үдеріс баяу жүріп жатқандай көрінуі мүмкін. Алайда, ұсынылған жобалар кезең-кезеңімен жүріп жатқан нақты әрі маңызды ілгерілеуді айқын көрсетті – ең алдымен, жұмыс орындарында еңбек үдерісінің ұйымдастырылуы жақсарған. Уақыт өте келе, егер жүйелі түрде жалғасса, бұл өзгерістер «АлЭС» компаниясының барлық өндірістік көрсеткіштеріне оң әсер ететіні сөзсіз.
Энергетиктер еңбек жағдайы мен оның ұйымдастырылуын кезең-кезеңімен жақсартуға ерекше ден қойып отыр. Бұл – Кайдзен жүйесінің табиғатына тән ерекшелік. Себебі, бұл тәсіл күрт секіріс жасап, нәтижеге бірден жетуді көздемейді. Үздіксіз жетілдіру концепциясының негізін қалаушы Масааки Имаи 1986 жылы жарық көрген «Кайдзен: жапон компанияларының табыс кілті» атты еңбегінде бұл жүйе туралы былай дейді: «Кайдзен мен инновация арасындағы басты айырмашылық – ол Кайдзен ауқымды қаржылық салымды әрдайым талап етпейді, бірақ үздіксіз, мұқият және тынымсыз еңбекті міндеттейді. Бұл екі тәсілдің айырмашылығы – баспалдақ пен еңіс жолдың айырмасындай: бірі күрт, екіншісі – бірқалыпты, бірақ тұрақты көтерілу. Кайдзен баяу болса да тұрақты ілгерілеуді көздейді. Ал инновациялық тәсіл, керісінше, ілгерілеу баспалдақпен көтерілгендей, секірмелі түрде жүзеге асады деп қарайды. Кайдзен – жылыжай секілді, онда үнемі және шағын болса да нақты өзгерістер өсіп-өркендеп отырады». Айта кетерлік тағы бір жайт: мұндай өзгерістер – әрдайым сапалы және жақсы жаққа қарай өрбиді.
Сөйлейтін кеңістік
2024 жылдың ақпан айында «АлЭС» АҚ-ның 3-ЖЭО департаментінде Кайдзен – ұқыпты өндіріс технологияларына көшу бойынша пилоттық жоба іске қосу туралы шешім қабылданған болатын. Бұл жүйелі үнем мен тиімділікті көздейтін алғашқы қадам еді. Ал екінші пилоттық алаң 2-ЖЭО-дағы электр шеберханасында іске қосылды. Жобаның басты мақсаты – тәртіп орнату және еңбек өнімділігін арттыру. Алайда энергетиктер бірден іске көшпей, алдымен теориялық білімге ден қойды. Департаменттерде құрылған бастамашыл топтар арнайы семинарлар мен тренингтерден өтті, Кайдзен идеясын тәжірибесіне енгізген өзге мекемелердің тәжірибесін зерделеді. Осы мақсатта АлЭС-тің мамандары мен бөлім басшылары Алматы облысындағы Қоянқұс елді мекенінде орналасқан желдеткіш зауытына барып, Кайдзен технологияларының нақты нәтижелерімен танысты. Онда оларға өндірістегі шығындарды азайту, ақауларды қысқарту және жұмыс процестерін оңтайландыру жолдары нақты мысалдар арқылы көрсетілді.
Сонымен қатар, пилоттық учаскелерде Кайдзен әдістері бірнеше бағытта іске асырыла бастады. Атап айтқанда: жұмыс орнын тиімді ұйымдастыруға арналған 5S жүйесі, бизнес-процестерді карталау, мәселелерді шешу әдістемелері, сапа үйірмелерінің жұмысы сияқты тақырыптар қамтылды. Арнайы оқытудан өткен мамандар өз жұмыс орындарын диагностикалап, тиімді ұйымдастыруға кірісті, жұмыс уақытының шығынын (үдерістердің хронометражын) талдап, күнделікті туындайтын мәселелерді шешуге жұмылды. Сонымен қатар, ұсынылған жақсартуларды жүзеге асыру үшін нақты іс-шаралар жоспарлары жасалып, құжат түрінде рәсімделді. Енді келесі кезеңге – алғашқы нәтижелерді бағалау сатысына қадам басатын уақыт келді.
– Департаменттер бұл іске жауапкершілікпен қарап, ең алдымен қарапайым, бірақ аса маңызды нәрседен – айналадағы кеңістікті тәртіпке келтіруден бастады, – дейді Кайдзен жүйесін тек бас кеңседе ғана емес, сонымен қатар тұтас компания аясында енгізумен айналысып жүрген маман Мәди Занигинов. – Біз бұл жұмысты «Көрнекілендіру мен ішкі навигация: Сөйлейтін кеңістік» деп атадық.Бұл – жобаның елеулі жетістіктерінің бірі болды. Цехтарда қозғалыс бағытын көрсететін сызықтар, бағдарлы көрсеткіштер, түрлі түсті аймақтар пайда болды. Мұның барлығы қызметкерлердің жұмыс кеңістігінде жақсы бағдар алып, қажетті материалдар мен жабдықтарды тез табуына, сондай-ақ қауіпсіздік стандарттарын сақтауға айтарлықтай көмектеседі.
Көрнекі басқару арқылы цехтар қызметкерлерге де, Гемба-сапарларға қатысатын басшыларға да ыңғайлы, ұйымдасқан әрі түсінікті кеңістікке айналды. Көрнекі ақпараттағы артық шуыл жойылып, орын ауыстыру мен қажетті нәрсені іздеуге кететін уақыт қысқартылды.
Жұмыс істейтін тәртіп
Кайдзен жолы жалпы 12 қадамнан тұрады. Алғашқысы – шығындарды анықтау, одан кейін – субъектіні таңдау негізін түсіндіру. Келесі қадам – ағымдағы үдерісті түсіну, одан соң нақты жағдайды бағалап, мақсат қою. Жолдың екінші жартысы жоспар құрудан басталады. Одан кейінгі кезеңдер: себептерді талдау, қарсы шараларды ұсыну, оларды жүзеге асыру және нәтижелерді тексеру. Он бірінші қадамда жетілдірулерді стандарттау қажет болса, соңғы кезеңде – болашаққа жоспарлар жасау қарастырылады. Содан кейін берілген принциптер мен параметрлер бойынша жұмыс жалғасады. Осының барлығы қарапайым көрінгенімен, әр кезең – үлкен жүйелі әрі күнделікті еңбекті талап етеді.
Егер «АлЭС» компаниясына қатысты айтатын болсақ, онда жұмыстың ірі әрі маңызды бағыты – қоймаларды қайта ұйымдастыру және мекенжайлы сақтау жүйесін енгізу болды. «Енді әрбір материал, құрал-жабдық немесе техника бірлігі нақты бекітілген орынға ие. Бұл қоймалардағы тәртіпсіздікті азайтып, логистиканы жылдамдатып, тез арада түгендеуді жүргізуге мүмкіндік берді. Қызметкерлер іздеуге уақыт жоғалтпайды – бәрі қол астында және әрдайым өз орнында. Мұндай тәсіл өндірістік тәртіпті күшейтіп, артық орын ауыстырулар мен тоқтап қалулардан туындайтын шығындарды азайтады», – деп көрсетілген компанияның дайындаған есебінде. Бұл кезеңді сипаттайтын ұран да айтарлықтай мәнді: «Жұмыс істейтін тәртіп».
5S-көрнекілендіру: біржолғы тазалық емес, жүйе
Қойма алаңдарын тазалаумен айналысқан департаменттердің қатарында 10 гидроэлектр станциясынан тұратын, жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайтын ең көне Каскад ГЭС бар.
– Биыл сәуір айынан бастап Кайдзен жүйесін енгізуді бастағанымыздан бері үлкен жұмыс атқардық: ғимараттарды тазалап, қорларды сұрыптадық, қорларды дұрыс сақтау орындарын анықтадық, қойма бөлімдерін А, B, C, D секторы ретінде бөлдік, сөрелер мен ұяшықтарды белгіледік, жұмысшылардың қозғалысына қауіпті орындарды анықтап, қажетті сызықтар мен белгілерді салдық, – дейді Каскад ГЭС жабдықтарын пайдалануды ұйымдастыру және жөндеу жөніндегі инженері Евгений Краснощеков. – Қазіргі таңда орталық қойманың навигациялық схемасын әзірлеудеміз. ЭМЦ-де Кайдзенді енгізуді жоспарлап отырмыз, онда карталау, А-3 әдісі және 5S-көрнекілендіру жүйесі енгізілмек. Сондай-ақ орталық қоймадағы қорларға деген қажеттілікті жаңарту жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Барлық қызметкерлерді үдеріске тарту жұмысы да жүргізілуде. Кайдзенге көшу процесі әлі жаңадан басталғанымен, оның нәтижелері көрініп тұр: орнатылған тәртіп күнделікті жұмысты айтарлықтай жеңілдетуде.
Жұмыс орнын ұйымдастыру шын мәнінде адамның өнімділігіне, денсаулығына және жалпы көңіл-күйіне оң әсер ететін бірнеше артықшылықты қамтамасыз етеді. Бұл – үйде де, жұмыста да маңызды. Сондықтан бұл идеяны бойына сіңірген қызметкерлер Кайдзеннің кеңістікті және өмірді ұйымдастыру қағидаларын өздерінің тұрмысына да енгізеді. Дұрыс ұйымдастырылған жұмыс орны өнімділікті арттыруға, шоғырлануды жақсартуға, шаршау мен күйзеліс деңгейін төмендетуге, сондай-ақ жайлы әрі жағымды жұмыс ортасын қалыптастыруға септігін тигізеді. Ал Кайдзен тұжырымдамасы бойынша, жұмыс орнын ұйымдастыру – біржолғы тазалық емес, оны сол қалыпта ұстап тұратын жүйе.
«Департаменттердің командалары 5S қағидаларын белсенді енгізіп, оны күнделікті жұмыс тәртібінің бір бөлігіне айналдырды. Жұмыс орындары жүйелендіріліп, құралдар санаттарға бөлініп орналастырылды, тазалық пен тәртіп стандарттары бекітілді, жауапты тұлғалар тағайындалды, – деп көрсетілген есепте. – Ең маңыздысы, 5S біржолғы науқан ретінде қабылданбайды. Командалар бұл жүйенің тұрақты әдетке айналуына, барлық қызметкерлердің оны ұстануына және үнемі жетілдірілуіне күш салады. Кеңістік эстетикасы жақсарды, жарақат алу қаупі азайды, өндірістік мәдениет көтерілді».
Айта кетейік, Кайдзен жүйесі бес құралды – 5S қағидаларын қолданады. Олар: Seiri – сұрыптау; Seiton – жүйелеу; Seiso – тазалықты сақтау; Seiketsu – стандарттау; Shitsuke – жетілдіру. Негізінде, Кайдзен – екі жапон сөзінің бірігуінен құралған, мағынасы «жақсы өзгерістер» немесе «жақсарту» дегенге келеді. Алайда, әдістеме мен ұқыпты өндіріс қағидаларының байланысы арқасында Кайдзен ұғымы үздіксіз жетілдіру деген мағынаға ие болды.
Мәселені көре білу және жүйелі түрде шешу
АлЭС-те Кайдзен қағидаларын дамытудағы тағы бір жүйелі қадам – A3 форматындағы есеп беру жүйесін енгізу болды. Бұл департаменттерге мәселелерді анықтау мен шешуге құрылымдалған, нақты тәсілмен қарауға мүмкіндік берді.
«Бұл формат командаларға ағымдағы жағдайды дәйекі талдауға, түпкі себептерді анықтауға, ықпал ету шараларын әзірлеуге және мақсатты жағдайды қалыптастыруға мүмкіндік береді», – делінген есепте. – «Мұндағы маңызды жайт – қызметкерлер тек бланк толтырып қана қоймайды, олар сыни ойлауға, үдерістерге жүйелі түрде қарауға және өзгерістерге жеке жауапкершілікпен қарауға үйренуде. A3 форматы – бірлескен талдау мен шешім қабылдауға арналған нақты жұмыс құралына айналды».
Мұның тиімділігіне Б. Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да нақты көз жеткізілді – мұнда Кайдзен негіздері мен 5S жүйесі сәтті енгізіле бастады.
– Біз ең алдымен қызметкерлерге Кайдзен жүйесі туралы түсіндіру жұмыстарынан бастадық. Учаскелерде қызметкерлермен әңгімелесіп, негізгі жұмыстарға қатысты карталау үдерісін біртіндеп күшейттік, – деп бөліседі нәтижелерімен Б. Оразбаев атындағы 1-ЖЭО Электртехникалық зертханасының бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика жөніндегі инженері Әділ Әбілдаев. – Қозғалысқа арналған қауіпсіз маршрут пен A3 форматы бойынша есеп әзірленді. Бұл айқын нәтиже берді: хронометраж көрсеткендей, құжаттарды іздеу уақыты 2–3 минуттан (180 секунд) 20 секундқа дейін қысқарды. A3 есептері мәселені көре білуге және оны жүйелі шешуге үйрететінін толық қолдаймын.
1-ЖЭО-да бұл жолда қиындықтар да болмады деп айтуға келмейді,– дейді станция ұжымы. Алайда Кайдзен мұндай жағдайларда да шешім табуға, кейде тіпті стандарттан тыс жолдарды қарастыруға үйретеді. Сондықтан да негізгі жұмыс бағытына уақыттың жетіспеушілігі және кейбір қызметкерлердің салғырттығы сияқты күрделі ұйымдастырушылық мәселелердің өзі Кайдзен идеялары арқылы шешімін тапты – ұжымды қызықтыра отырып, оларды іске тарта білді. Бүкіл ұжымның бұл идеяны толық меңгеруіне басымдық берілуі бекер емес, себебі Кайдзен – бұл үздіксіз оқыту, білім мен дағдыларды үнемі арттыру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйе. Мұндай тәсіл компанияның өзгермелі нарық жағдайларына икемделуіне және жаңа сын-тегеуріндерге дайын болуына мүмкіндік береді.Сонымен қатар станцияда негізгі цехтар бойынша басшылықтың Гемба-сапарлар кестесі мен шағын бастамашыл топтың (ШБТ) басшылықпен кездесу кестесі жасалды.
Құндылық жасалатын жерде – басшы да сол жерде
Мәди Занигиновтің айтуынша, өткен тоқсанның басты жетістіктерінің бірі – Гемба-сапарлар тәжірибесінің тұрақты жолға қойылуы болды. Енді департамент басшылары нақты жұмыс орындарына – құндылық пайда болатын учаскелерге шығып жүр. Бұл тәсіл басқару мәдениетіне тың серпін берді: енді «жоғарыдан» бақылау емес, тікелей «жердегі» қызметкерлермен ашық диалог жүргізу тәжірибеге енді.
Гемба – ұқыпты өндіріс философиясынан енген тағы бір жапон сөзі, бүгінде компанияның өндірістік лексиконына берік орнықты. Жапон тілінен аударғанда «Гемба» – «нақты орын» деген мағынаны білдіреді. Яғни, жұмыс жүріп тұратын және құндылық жасалатын жер. Гемба-сапарлар барысында басшылар: өндірістік үдерістерді өз көздерімен бақылайды, жасырын проблемаларды анықтайды, стандарттардан ауытқуларды тіркейді, қызметкерлермен тікелей пікірлеседі, жақсартуға қатысты ұсыныстарды талқылайды.
«Бұл – жай формалды тексеріс емес, нағыз кайдзен-көшбасшылықтың көрінісі», – деп түсіндіреді Мәди Занигинов. – «Қызметкерлер өздерін жұмыс үдерісінің бір бөлшегі ретінде сезінеді, сенім артады, ал проблемаларды анықтау мен оларды жою үдерісі жылдамдай түседі. Бірқатар департаменттерде Гемба-сапарлар нәтижесінде бұрын назардан тыс қалған қызметкерлер ұсыныстары жүзеге асырыла бастады».
Стандарттар – тұрақтылықтың негізі
Кайдзенді жүйелі және ұзақ мерзімді дамыту тәжірибесіне сүйене отырып, компанияда стандартты операциялық процедуралар – қысқаша СОП әзірленіп, енгізілуде. Олар операцияларды орындаудың оңтайлы тәсілдерін сипаттайды және негізгі жұмыс орындарында енгізілген.
– Бұл әртүрлі ауысымдардағы әрекеттердің айырмашылығын азайтуға, өнім сапасын арттыруға, адами факторға тәуелділікті төмендетуге, сондай-ақ жаңа қызметкерлерді үйрету үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік берді, – деп атап өтті Мәди Занигинов. – СОП тек формальді құжат емес, ол оқыту, бақылау және үздіксіз жетілдіру құралына айналды. Қызметкерлер оларды әзірлеу процесіне белсенді қатысып, тәжірибеге негізделген ұсыныстар мен нақтылаулар енгізуде.
Жаңа іске және адамдардың әдеттерін өзгертуге деген қиындықтарға қарамастан, барлық департаменттер жоғары деңгейде белсенділік танытты. Департаменттердің есептерінде атап өтілгендей, барлық командалар жобаларды қорғауға шығармашылықпен қарап, есептерді, стендтерді және көрнекі материалдарды даралай рәсімдеді. Әр департамент өз стилі мен мәдениетін көрсететін ерекше ұсыну тәсілін таңдады.
«Ең маңыздысы, Кайдзен тек басшылықтың ғана емес, қызметкерлердің өз істеріне айналды. Идеялар «төменнен» келіп, күнделікті жұмыс барысында жетілдіру ұсыныстары пайда болды. Адамдар өз ойларының маңызды екенін түсініп, бұл өзгерістер жолын жалғастыруға түрткі болды», – деп атап өтті «Энергожөндеу» ӨЖК Жоғары вольтты жабдықты жөндеу цехының бастығы Данияр Батыров.
Сөзден іске өту
Кайдзеннің тәжірибе жүзінде нақты нәтижелерін көрген департаменттер бұл бағытта кері қайтар жолдың жоқтығын және тоқтауға болмайтынын мойындайды. Сондықтан бірінші жартыжылдықты аяқтап, барлық департаменттер үшінші тоқсанға жоспарларын дайындады.
Жобаларды қорғау аяқталған соң, әрбір ФБТ командасы үшінші тоқсанға арналған іс-қимыл жоспарын ұсынды. Компания мен оның департаменттерінің басымдылығы: визуализация мен СОП-ты дамыту; A3 практикасы мен Гемба-сапарларын тереңдету; логистикалық ағындарды жетілдіру; қызметкерлерді күнделікті жетілдіруге тарту.
«Келесі мақсат – жекелеген жобалардан жүйелі жұмысқа көшу. Командалар жаңа міндеттерді іске асыруға дайын, ал біз бұл жолда қолдау көрсетуге әзірміз», – деп қорытындылады Мәди Занигинов.