KAZENERGY-2025: Астанада жаңа энергетикалық тәртіп талқыланады

1155
Фотосурет: Gov

Астанада энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің төрағалығымен Kazakhstan Energy Week-2025 / XVI Еуразиялық KAZENERGY форумына дайындық жұмыстары пысықталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жиында іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге бағытталған ұйымдастырушылық және мазмұндық мәселелер талқыланды.

Энергетикалық форум дәстүрлі түрде Қазақстандағы жетекші халықаралық алаңдардың бірі саналады. Мұнда энергетика саласындағы өзекті жаһандық және өңірлік трендтер талқыланады. Бұл маңызды басқосу әлемдік энергетика көшбасшыларын, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйым өкілдерін, бизнес пен сарапшылар қауымдастығын бір алаңға жинайды.

Форумға энергетика саласындағы беделді ұйым өкілдері қатысады. Бұл жинның жоғары халықаралық деңгейін көрсетеді. Ауқымды шараға энергетика саласындағы мәртебелі тұлғалар қатысады деп күтілуде. Атап айтқанда, ОПЕК Бас хатшысы Хайтам Әл-Гайс, Халықаралық жаңартылатын энергия көздері агенттігінің (IRENA) бас директоры Франческо Ла Камера, Газ экспорттаушы елдер форумының (GECF) Бас хатшысы Мохамед Хамель, сондай-ақ Халықаралық энергетикалық форум мен Энергетикалық Хартия ұйымдарының басшылары және Араб мемлекеттері лигасы Бас хатшысының орынбасары қатысатынын растады.

Форум барысында шетелдік және отандық сарапшылар бірқатар маңызды тақырыптарды көтереді. Негізгі талқылау бағыттары – жаңа энергетикалық тәртіп және орта державалардың рөлі, климаттың өзгеруі, тұрақты энергетиканы дамыту, сондай-ақ атом энергетикасының келешегі болмақ.

«KAZENERGY форумы дәстүрлі маңызды халықаралық алаң саналады. Оның биылғы тақырыбы өте маңызды. Біз жаңа энергетикалық тәртіпті қалыптастыру туралы айтамыз. Ал Қазақстан Орталық Азиядағы мойындалған көшбасшы ретінде осы процесте бастамашы болуға дайын. Біз энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрақты серіктестіктерді дамыту және дәстүрлі мен жасыл энергетика арасындағы тиімді теңгерімді табу бойынша нақты шешімдер ұсынуымыз қажет» ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов

Kazakhstan Energy Week-2025 / XVI Еуразиялық KAZENERGY форумын өткізу еліміздің энергетика саласындағы сенімді әрі жауапты серіктес ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.
Іс-шара аясында Қазақстанның мұнай-газ, көмір, электр энергетикасы және жаңатылатын энергия көздері салаларындағы жетістіктері мен жобалары таныстырылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -