Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде (ЦДИАӨМ) еліміздегі жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту мәселелеріне арналған стратегиялық сессия өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға IT саласының, бизнес пен ғылыми қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Стратегиялық сессия – Қазақстанда жасанды интеллектті енгізу мен дамытуға бағытталған ашық диалог пен практикалық шешімдер әзірлеудің маңызды алаңы болды.
Министр Жаслан Мадиев өзінің кіріспе сөзінде жасанды интеллектті дамытудың елдегі цифрландырудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол министрлік тарапынан ЖИ технологияларын экономиканың түрлі салаларына және мемлекеттік басқаруға енгізу үшін қолайлы жағдай жасау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар, бірінші вице-министр Қаныш Төлеушин жасанды интеллектті дамытудың ұлттық стратегиясын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Бұл құжат Қазақстанда ЖИ-ді жүйелі әрі тұрақты дамыту үшін негіз болмақ.
Сессия модераторы ретінде «QazInnovations» Ұлттық инновацияларды дамыту агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Санат Жолдыхан сөз сөйледі.
Іс-шара интерактивті форматта өтті, қатысушылар тақырыптық бағыттар бойынша өзара пікір алмасып, келесі мәселелерді талқылады: инфрақұрылымды дамыту және есептеу қуатына қолжетімділік, AI-стартаптарды қолдау және шешімдерді коммерцияландыру, таланттарды тарту және оларда елде ұстап қалу, ЖИ-ді мемлекеттік секторға енгізу және деректерге қолжетімділік, ЖИ дамытудың этикалық және құқықтық аспектілері.
Қатысушылар тек ой бөлісіп қана қоймай, осы бағыттар бойынша нақты ұсыныстар да айтты.
Сессия қорытындысы бойынша елімізде жасанды интеллекттінің ұлттық экожүйесін дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар топтамасы әзірленетін болады.