Ұлттық ұланда жаңадан шақырылған жас сарбаздардың ант беру рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл шаралар Отанға деген адалдық пен елдің қауіпсіздігін сақтау жолында жас сарбаздардың жауапкершілігін көрсететін салтанатты рәсім. Әр қалада, әр бөлімде өткен ант беру рәсімдері Отан алдындағы борышын өтеуге келген жас жауынгерлер үшін ұмытылмас сәтке айналды.
Шығыстағы сарбаздар ант қабылдады
Өскемендегі 5518 және 6699 әскери бөлімдерінде 400-ге жуық жас сарбаз әскери ант қабылдады. Бұл рәсімге қатысқан қала тұрғындары мен ардагерлер жас сарбаздарға патриоттық рух сыйлайтын сөздер айтып, олардың алдында тұрған маңызды міндеттерді түсіндірді. Жас сарбаздар ант қабылдаған соң әскери өмірдің алғашқы қадамдарын бастады. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев жас сарбаздарға осы қызмет барысында ерлік пен адалдық танытып, Отан үшін қызмет ету жолында қиындықтарға төтеп беруге шақыр-
ды. Өскемендегі бұл рәсім жас жауынгерлер үшін тек ант беру ғана емес, сонымен бірге өздерінің жауапкершілігін сезінген алғашқы сәт болды.
Астанадағы айбынды сарбаздардың серті
Биыл Астанадағы 6636 әскери бөлімінде салтанатты түрде 125 жас сарбаз Отан алдында ант берді. Бұл күн олардың өміріндегі маңызды оқиға болды, себебі бұл – әскерге шақырылған жас жігіттердің әскери өмірінің алғашқы баспалдағы. Мемлекеттік Әнұран әуенімен басталған салтанатты рәсімде, сарбаздар өздерінің отбасылары мен ардагерлерінің алдында Отанға адал қызмет етуге серт етті.
Әскери бөлімнің командирі полковник Ерлан Буранбаев жастарға әскери анттың маңызын түсіндіріп, оның Отан қорғаушы болуға бастайтын қасиетті жол екенін атап өтті.
«Жас сарбаздар, сіздердің бүгінгі анттарыңыз — Отан алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінуге алғашқы қадамдарыңыз. Әрқайсыңыз өз міндеттеріңізді абыроймен орындап, әскери қызметте жанқиярлық танытасыздар деп сенеміз. Әскери қызмет — құрметті әрі қасиетті міндет!», - деді полковник Ерлан Буранбаев.
Сонымен қатар, әскери бөлімнің ардагерлері мен қоғамдық қайраткерлер де өздерінің тілектерін білдіріп, жас сарбаздардың болашақ қызметіне сәттілік тіледі. Бұл күннің ерекше сәттерінің бірі – сарбаздардың «Ана» әнін шырқауы болды, бұл ән әсіресе ұлдарын әскерге шығарып салған аналардың жүрегін тебірентті. Шара соңында Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасының саптық дефилесі мен қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен қойылым жасалып, сарбаздардың әскери дайындық деңгейі көрсетілді.
Шымкент пен Қызылордадағы ант қабылдау рәсімдері
Шымкентте 6506 әскери бөлімінде 400-ге жуық жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге ант берді. Бұл рәсімге жас сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қатысты. Шымкенттің өзінде, осы шарада сарбаздар елімізге адал болуға, Қазақстан Республикасының Конституциясын құрметтеуге және әскери борышты адал атқаруға серт берді. Әскери бөлімнің командирі полковник Марат Рахпанов өз сөзінде әрбір сарбазға бұл күннің тек Отан қорғаушысы болуға емес, сонымен бірге Ұлттық ұланның салтанатты қызметін ұстануға да алғашқы қадам екенін айтып өтті.
«Сіздердің алдарыңызда үлкен міндет тұр. Қай жерде және қай жағдайда болмасын Отанға қызмет ету — ең басты міндет. Бүгін, сіздер, жаңа өмірге қадам басып, өздеріңізді еліміздің қорғаушылары ретінде сезінуіңіз қажет» деп атап өтті», - ол.
Ал Қызылордада да дәл осындай маңызды шара өтіп, 5547 әскери бөлімінде сарбаздар әскери анттарын қабылдады. Қала тұрғындары мен туыс-
тары қатысқан бұл рәсімде жас сарбаздар өздерінің азаматтық борышын орындауға серт беріп, Отан үшін қызмет етудің қадір-қасиетін түсінді. Әскери ант қабылдаудың басты мақсаты – жастарға әскери қызметтің маңыздылығын түсіндіру, Отан алдындағы жауапкершілікті сезіндіру және жас ұрпақтың патриоттық рухын ояту.
Жаңаөзенде де жауынгерлер жарап тұр
Жаңаөзен қаласында да әскери қызметке шақырылған жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. 5548 әскери бөлімінде 230-дан астам сарбаз Отанға адал қызмет етуге ант берді. Шараға Жаңаөзен қаласының әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов қатысты. Ол жас сарбаздарға Отан алдындағы борыштарын адал атқару қажеттігін айтып, олардың әрқайсысының жауапкершілікті сезінуі аса маңызды екенін атап өтті.
«Сіздер осы сәттен бастап, еліміздің жарқын болашағын қорғаушы боласыздар. Әрқашан патриот болыңыздар, өз елдеріңізді құрметтеңіздер», – деді Жаңабай Аймағанбетов.
Рәсімнен кейін сарбаздар сап түзеп, өздерінің алғашқы әскери міндеттерін орындауға кірісетін болды.
Степногорск пен Петропавлдағы салтанат
«Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3517 әскери бөлімінде 100-ден астам жас сарбаз ант қабылдады. Бұл рәсім Қазақстанның әр түкпірінен келген сарбаздардың өміріндегі ерекше сәт болды. Рәсім мемлекеттік Туға құрмет көрсету, Қазақстан Республикасының Әнұранын орындау-
мен басталды. Әскери бөлім командирі сарбаздар үшін бұл маңызды қадамды атап өтіп, олардың өміріндегі жауапкершілік пен Отан алдындағы адалдықтың белгілері екенін айтты. Бұл ант қабылдау рәсімінде сарбаздар өздерінің міндеттерін абыроймен атқаруға, әскери тәртіпке сай қызмет етуге және халыққа адал болуға серт берді.
Петропавлда да 6637 әскери бөлімнің жас сарбаздары ант қабылдады. Бұл рәсімге 200 сарбаз қатысты, олардың арасында өз еркімен әскер қатарына келген жастар да болды. Әскери бөлімнің командирі подполковник Досан Куркенов жас сарбаздарға қызметтің алғашқы кезеңінде еліміздің бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты міндеттерін түсіндірді. Әскери ант қабылдау барысында сарбаздардың ата-аналары мен туыстарының қолдауы маңызды рөл атқарып, бұл сәт олардың жүрегінде ұзақ уақыт сақталатын болды. Ант қабылдаған сарбаздар бірден өздерінің әскери міндеттерін орындауға кірісіп, Петропавл қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысатын болды.
Ұлттық ұланның әрбір әскери бөлімінде өткен ант беру рәсімдері жас сарбаздардың өміріндегі ең маңызды әрі жауапты қадамдардың бірі. Әрбір қалада өткен салтанатты шаралар – бұл Отанға адал қызмет етуге серт берген жас азаматтардың, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолындағы алғашқы қадамдары. Бұл - рәсім ғана емес, сонымен қатар еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жас сарбаздардың жауапкершілігін сезіндіретін маңызды оқиға. Отан алдында ант берген әрбір сарбаз, өз елінің патриоты, болашақта Ұлттық ұланның алдыңғы шебінде жүретін азаматқа айналады.