Цифрлық даму министрлігінің бастамасымен іске қосылған Astana Hub-тың Tech Orda бағдарламасы түлектерінің шабыттандыратын хикаялары легін жалғастырамыз. Бүгін IT саласында білім алып қана қоймай, өздерінің мобильді ойындарын көпшілік назарына ұсынуға дайындалып жүрген жас әзірлеушілер командасы туралы айтамыз, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңа ойын Box of Box деп аталады. Бұл аркадалық раннер жанрындағы ойын, онда ойыншы роботты басқарып, конвейер үстінде лутбокстарды жинайды және ерекше қабілеттері бар жаңа кейіпкерлерді ашады. Ойынның алғашқы нұсқасы Tech Orda бағдарламасы бойынша оқу барысында жасалған болатын, ал бүгінде жоба жаңа деңгейге көтеріліп, биыл Google Play платформасында demo-нұсқасын шығару жоспарланып отыр.
Команда мүшелері Tech Orda бағдарламасы шеңберіндегі оқу процесі барысында топтасып, жобаның тарихы дәл осы жерде басталған. Қатысушылардың айтуынша, аталған оқу бағдарламасы ойын әзірлеу үрдісін толық түсіндіріп қана қоймай, сонымен бірге еңбек нарығында жетістікке жетуге жол ашқан әрі сенімділікке үйреткен.
Жобаның тең құрушысы, геймдизайнер әрі 2D-суретші Даниэль Сайфулин курсты аяқтаған соң Mytona RS компаниясына дизайнер-иллюстратор болып жұмысқа орналасқан.
«Tech Orda-ға дейін геймдев саласында тәжірибем болған, алайда бағдарлама маған процеспен кеңінен танысуға, тимлид ретінде өзімді сынап көруге және мақсаты ортақ команда жинақтауға мүмкіндік берді», – деді Д.Сайфулин.
Команда мүшелерінің бірі, Tech Orda түлегі Искандер Алшынбаев бүгінде халықаралық компанияда автожарыс симуляторларына маманданған бизнес-процестерді автоматтандыру үшін жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізумен айналысып жүр. Оның оқиғасы заңгерлік саладан ІТ-ге қайта бейімделудің жарқын үлгісі.
«Бірнеше жыл бұрын мен тек заңға қатысты мәселелермен айналысып, ІТ саласына келемін деп ойламаған едім. Tech Orda маған жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, түбегейлі жаңа мамандық иесі атануыма мүмкіндік берді. Қазір мен халықаралық компанияда AI-шешімдерді енгізіп жүрмін. Бұл “Ештен кеш жақсы”дегенді дәлелдейтін ең жақсы мысал», – деп бөлісті Искандер.
Команда құрамында сондай-ақ Дамир Габдрашитов, Никита Баннов, Дамир Мукатов, Жакан Бейбітбек, Жүсіпов Ельжан, Айдар Баймендин, Жанаят Кайрилаев және Дамир Рахмангали бар. Қазіргі таңда команда мүшелері оқуды аяқтаған соң геймдев саласында жұмысқа орналасып, мобильді ойындарын таныстыруға жүйелі түрде қадам басып келеді.
Алғашқы нәтижелер де жоқ емес, Take Top Entertainment және PlayDucky баспалары жобаны жоғары бағалап, болашақта ынтымақтастық жоспарланып отыр.
Айта кетірлігі, Tech Orda бағдарламасы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында адами капиталды дамытуға бағытталған. Бүгінде түлектердің 88%-ы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан, олардың орташа жалақысы 505 мың теңгені құрайды. 2025 жылы 80 IT-мектеп аккредитациядан өтіп, сұранысқа ие бағыттар бойынша 160 курс ұсынып отыр.
Tech Orda 2025 білім беру бағдарламасына өтінім қабылдау 2025 жылғы 3 қыркүйекке дейін Astana Hub платформасында жалғасады. Қосымша ақпаратты таңдаған мектептен немесе 1818 нөмірі арқылы білуге болады.