Қазақстанда 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бекітілді

1276
Фотосурет: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026-2028 жылдарға және 2035 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары, алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы мақұлданды. 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндама жасады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляция, төлем балансы және Ұлттық қор туралы, қаржы министрі Мәди Такиев 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы туралы баяндады.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша 2026-2028 жылдары ЖІӨ-нің орташа жылдық нақты өсімі 5,3%-ды құрайды. Бұл ретте номиналды Жалпы ішкі өнім 2026 жылы 183,8 трлн теңгеге, 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге жетеді. 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді перспективада ЖІӨ өсімі 4,5% деңгейінде тіркеледі, ал 2035 жылы номиналды Жалпы ішкі өнім 473,2 трлн теңге болмақ.

«Президент бюджеттің теңгерімділігін сақтауды, республикалық және жергілікті деңгейлерде қаражатты сапалы жоспарлап, тиімді бөлуді тапсырды. Заң жобалары (жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі және 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы) бюджеттік параметрлерге сәйкес әзірленді, сондай-ақ мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барынша оңтайлы. Жалпы алғанда бюджет теңдестірілген және Мемлекет басшысының барлық стратегиялық бастамалары ескерілген. Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, өңірлерге базалық инфрақұрылымның қолжетімді болуына теңдей жағдайды қамтамасыз етіп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бюджет әлеуметтік мәселелерге бағдарланған болып қалады. Сонымен қатар экономиканың өсуін ынталандыруға бағытталған шығыстар да ұлғайтылатын болады. Мұндай шығыстар осы жылмен салыстырғанда келесі жылы жалпы шығыстар құрамында шамамен 11%-дан (10,9%) 16%-ға (16,1%) дейін өсіп отыр. Бұл өз кезегінде жалпы ел үшін маңызы бар инфрақұрылымдық жобалар, бизнесті ынталандыру мен мемлекеттік қолдау шараларынан тұрады. Мұндағы шығыстар өңірлердің дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді», — деп назар аудартты Олжас Бектенов.

Республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру барысында жаңа Бюджет және Салық кодекстері ескерілгендігі атап өтілді.

Премьер-министр барлық мемлекеттік органдарға елдің әлеуметтік-экономикалық дамудың белгіленген параметрлеріне  қол жеткізуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ, бюджет қаражатын барынша тиімді және уақтылы пайдалану, сондай-ақ шығындарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне Үкімет Аппаратымен бірлесе отырып заң жобаларын Парламентке 1 қыркүйекке дейін енгізу міндеті қойылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -