Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026-2028 жылдарға және 2035 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары, алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндама жасап, үш жобаны түсіндірді. Олар – 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, 2026-2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамы және «2026-2028 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемі туралы» Заң жобаcы.
«Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы базалық нұсқа негізінде қалыптастырылған. Базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі болжам бойынша 5,4%, 3 жылдағы орташа жылдық өсім 5,3%-ды құрайды. Номиналды ЖІӨ 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсіммен қамтамасыз етілетін болады. Өңдеуші өнеркәсіпте инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен өсу қарқынының 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін ұлғаюы болжанады. Тау-кен өнеркәсібіндегі үш жылдағы орташа өсім 2,8%, ауыл шаруашылығында 3,9%, құрылыста 11,0%, көлік қызметтерінде 10,1% және саудада 6,7%-ды құрайды. Оң сауда балансы сақталады», — деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуыша, экспорт 2026 жылы 77,1 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 83,7 млрд АҚШ долларына дейін, импорт – 67,7-ден 75,2 млрд АҚШ долларына дейін өседі. Инфляция болжамы төменедейді. Ол 2026 жылы шамамен 10%-дан аспайды, 2027-2028 жылдары орташа 6% маңайында болады.
Макро болжамның негізінде 2026–2028 жылдарға арналған бюджеттік параметрлердің болжамы қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есептемегенде болжамдар бойынша 2026 жылы 19,2 трлн теңгені, 2027 жылы – 21,2 трлн теңгені, 2028 жылы 23,2 трлн теңгені құрайды. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт бюджет қағидасын ескере отырып, жыл сайын 2 трлн 770 млрд теңге мөлшерінде айқындалды. Ал бюджет тапшылығы 2028 жылы ЖІӨ-ге қатысты 0,9%-ға дейін төмендейді деген есеппен, 2026 жылы ЖІӨ-нің 2,5% деңгейінде белгіленді. Мұнай емес тапшылық ЖІӨ-ге қатысты 4,9%-дан 2,7%-ға дейін қысқарады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2026 жылы 27,7 трлн теңге, 2027 жылы 28,8 трлн теңге және 2028 жылы 29,8 трлн теңге болмақ. Кірістер мен шығыстар осындай көлемде болған жағдайда бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тарту қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2026 жылы 60,8 млрд доллардан 2028 жылы 68,6 млрд долларға дейін өседі деп болжануда.
«2026–2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамы жаңа Бюджет кодексін іске асыру үшін әзірленді. Ол Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының қаржылық қамтамасыз етілу көлемін айқындайды. Құжатта ұзақ мерзімді дамудың үш нұсқасы қаралған. Олар – базалық, қалыпты және балама. Мәселен, балама нұсқадағы экономиканың 10 жылдағы орташа өсуі 5,1%, қалыптыда – 4,3% деңгейінде болжанады. Ал базалық нұсқада 10 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 4,5%-ды құрайды. Номиналды ЖІӨ 2035 жылы 473,2 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп күтілуде. 2026-2028 жылдарға арналған базалық көрсеткіштер Әлеуметтік-экономикалық дамудың үш жылға арналған болжамына сәйкес келеді. 2035 жылы мемлекеттік бюджеттің кірісі 66,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Кепілдендірілген трансферт 2029 жылдан бастап 2 трлн теңгеге дейін азаяды. Соған сәйкес бюджет тапшылығы 2029 жылы ЖІӨ-ге қатысты біртіндеп 0,4%-ға дейін төмендеп, 2030 жылдан бастап нөлдік деңгейге жетеді деп топшыланып отыр. Бюджеттік параметрлердің макроболжамы мен болжамы бойынша Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының қаржылық қамтамасыз етілу көлемі республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын ескере отырып, 2026 жылы 37,4 трлн теңгені, 2027 жылы – 39,6 трлн теңгені, 2028 жылы – 41,6 трлн теңгені құрамақ. Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2026 жылы 60,8 млрд доллардан 2035 жылы 109,9 млрд долларға дейін өседі деп болжануда», — дейді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, «2026–2028 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемі туралы» Заң жобасы жаңа Бюджет кодексінде көзделген тәсілдерді ескере отырып әзірленді. Кірістердің болжамы 2026 жылға 10,7 трлн теңге, 2027 жылға 12,1 трлн теңге, 2028 жылға 13,3 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жергілікті бюджеттер шығыстарының жалпы болжамы – 2026 жылға 14,9 трлн, 2027 жылға 17,3 трлн, 2028 жылға 18,7 трлн теңге. Бұл көлемі инфляцияға индекстеуді және өңірдегі мемлекеттік қызметтерді тұтынушылардың болжамды санын ескере отырып есептелген. Даму шығындарының болжамды көлемі ең төменгі стандарттар мен өңірлік стандарттар жүйесін қолдана отырып есептелді.
«Жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарының болжамын ескере отырып келесідей бюджеттік параметрлер айқындалды. Біріншіден, алып қою көлемі 2026 жылға 879,9 млрд теңгені, 2027 жылға 1,1 трлн теңгені, 2028 жылға 1,4 трлн теңгені құрайды. Екіншіден, 2026 жылға арналған субвенциялар көлемі 5,1 трлн теңге, 2027 жылға 6,4 трлн теңге, 2028 жылға 6,8 трлн теңге болсақ. 2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болады», — деді ол.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысының қорытындысында 2026-2028 жылдарға және 2035 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары, алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы мақұлданды.