Қазақстанда Startup Orda аймақтық инкубациялық бағдарламасына өтінім қабылдау жүріп жатыр. Бұл технологиялық стартап ашқысы келетін, алайда қалай бастарын білмей жүрген азаматтар үшін жақсы мүмкіндік, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бағдарлама еліміздің 16 өңірін қамтиды. Енді мұндай ауқымды жоба тек елордада ғана емес, Көкшетау, Семей, Атырау, Шымкент, Тараз, Ақтау және басқа да қалаларда қолжетімді. Яғни, қай өңірде болсаңыз да, стартап экожүйесіне қадам басуға тең мүмкіндік бар.
Қатысушылар екі айдың ішінде идеядан дайын өнімге дейінгі жолдан өтіп, тәжірибелі трекерлер мен сарапшылардан қолдау алады. Бағдарлама барысында стартапты сынап көру, алғашқы клиент табу, өнімді нарыққа дайындау бойынша практикалық сабақтар өтеді. Сондай-ақ воркшоптар, топтық талқылаулар мен жеке менторлық ұйымдастырылып, тегін коворкинг пен жұмыс орны беріледі. Ал бағдарламаның соңғы кезеңі болып саналатын Demo Day барысында үздік жобалар жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік алады.
«Startup Orda – бұл жай ғана бағдарлама емес, еліміздің кез келген өңіріндегі жастарға IT әлеміне жол ашатын құрал. Мәселен, біз Қызылорда, Орал немесе Талдықорғандағы талантты мамандардың Астана мен Алматыдағы командалар сияқты тең мүмкіндікке ие болғанын қалаймыз», – дейді Astana Hub өңірлік даму кеңсесінің директоры Аида Дусова.
Startup Orda әртүрлі деңгейдегі командаларға арналған: тек идеясы бар жоба авторларынан бастап, MVP жасап қойған немесе дайын өнімін нарыққа шығарып, масштабтауға дайын командаларға дейін қатыса алады. Ең маңыздысы – мұның бәрі тегін әрі қолжетімді, әр өңірдің IT-хабында өтеді.
Дәл қазір Astana Hub платформасында өтінім беруге болады.