Бейжіңде Қазақстан энергетикасына миллиардтаған инвестициялар келісілді

2607
Фотосурет: Gov

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысуы шеңберінде ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ҚХР Мемлекеттік энергетика басқармасының басшылығымен және Қытайдың ірі энергетикалық корпорацияларының жетекшілерімен бірқатар стратегиялық келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бейжіңде өткен кездесуде Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды жобалар бойынша келісімдер жасалды.

Басқосу екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты. Ерлан Ақкенженов China Energy Engineering Group, China Huadian, CNPC, SANY, China Power (SPIC) және CMEC сынды алпауыт компаниялармен нақты жоспарларды талқылады.

Энергетикалық диалог аясында саладағы барлық бағыт қамтылды. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздері мен газ-химия кешендерінен бастап мұнай өңдеу қуатын жаңғырту және заманауи технологияларды енгізу.

Кездесулер нәтижесінде тараптар Түркістан облысында қуаттылығы 300 МВт күн электр стансасын салуға уағдаласты. Сондай-ақ Ақтауда 2027 жылдың маусымына дейін қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын іске қосу кестесін бекітті. CNPC компаниясымен Ақтөбеде карбамид өндіретін кешен салу бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді. «Жасыл» энергетика саласында SANY компаниясы Жамбыл облысында жел генераторларына арналған құрамдас бөлшектер шығаратын зауыттың құрылысын аяқтады. Сонымен қатар Жетісу өңірінде қуатты жел электр станциясын салуға дайын екендіктерін білдірді.

«Бейжіңде өткен келіссөздер екіжақты энергетикалық ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыруға негіз болды. Қытай тарапы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жобаларға инвестиция салуға дайын екендіктерін көрсетті. Қазіргі заманғы бу-газ қондырғылары, қуатты жел және күн электр станциялары сияқты бағыттар бойынша келісімдерге қол жеткіздік. Барлық келісімдердің негізгі мақсаты – озық технологияларды елімізге трансферттеу және ел аумағында жоғары технологиялық өндірістерді жолға қою. Осылайша, Қазақстан тұтынушыдан заманауи энергетикалық шешімдердің өндірушісі ретінде дамиды, – деді Ерлан Ақкенженов.

Айта кетейік, келіссөздер Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін айғақтайды. Жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстан экономикасына миллиардтаған инвестиция тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады, сондай-ақ төмен көміртекті даму жолына көшу үдерісі жеделдейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -