Шамамен 60 жыл бұрын ойлап табылғаннан бері компьютер тышқанының дизайны айтарлықтай өзгерген жоқ – бұл пайдаланушыларға кері әсерін тигізуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Nazarbayev University (NU) Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры Хосе Беренгерес жүргізген зерттеу қолдың жайлылығы мен табиғи қимылын ескеретін эргономикалық редизайндардың маңыздылығын атап көрсетеді.
Сандар да айқын: зерттеулерге сәйкес, компьютер қолданушыларының шамамен 20%-ында енгізу құрылғыларына, дене қалпына немесе қайталанатын қозғалыстарға байланысты созылмалы аурулар пайда болады. KTH Корольдік технологиялық институтында жүргізілген зерттеуде профессор Беренгерес 28 магистрант пен докторантты сұрастырды. Олардың ішінде 11-і тышқанды пайдаланудан үнемі жайсыздық сезінген, ал төртеуінде RSI клиникалық түрде анықталған. Көпшілігі – геймерлер, барлығы – 30 жасқа дейінгі жастар.
«Қазіргі тышқандардың жалпақ әрі қатты пішіні қолды табиғи емес қалыпта ұстауға мәжбүр етеді, – деді профессор Беренгерес. – Уақыт өте келе бұл білек пен білезікке үнемі салмақ түсіреді. Егер жарақаттың алдын алғымыз келсе, дизайнды түбегейлі қайта қарастыру қажет».
Альтернативті нұсқаларды сынау үшін Беренгерес Fleximouse атты жұмсақ торлы корпусы бар үлгіні жасады. Ол саусақ буындарының еркін қимылына мүмкіндік беріп, алақанмен ұстауды – табиғи әрі жеңіл қозғалысты – ынталандырды және білекті артық қимылдан сақтады. Дегенмен, бұл нұсқаның да әлсіз тұстары болды: баяуырақ жұмыс істеді, нәзік болды және стандартты басу мен айналдыруға толық сәйкес келмеді.
Одан кейін Беренгерес Мельбурн университетінің Дизайн мектебінің Тони Ю есімді маманымен бірігіп, A-frame hinge mouse үлгісін жасады. Тік орналасуы мен қозғалмалы бөлшектерінің аздығы салмақты азайтып, әрі арзан өндіріс пен ықшамдылықты қамтамасыз етті.
Зерттеуден шыққан ең маңызды тұжырым – қолдың өлшемі шешуші рөл атқарады. Тіпті бір сантиметрден аз айырмашылық жайлылық пен басқаруға айтарлықтай ықпал етті.
«Дәстүрлі қатты тышқандар кешірімді келеді, – деді Беренгерес. – Ал икемді немесе эргономикалық тышқандар қолдың өлшеміне өте сезімтал. Демек, болашақтағы үлгілер не реттелетін, не әртүрлі өлшемде шығарылуы керек».
Зерттеу мынадай парадоксты көрсетеді: есептеу қуаты, байланыс және интерфейстер жылдам дамығанымен, қарапайым тышқан әлі күнге дейін өзгеріссіз қалды. 3D-баспа, икемді электроника және жаңа материалдар сияқты технологиялар арқылы ғалымдар күнделікті қолданылатын бұл құрылғыны қайта ойлап табуға мүмкіндік бар деп санайды.
«Тышқанды қайта ойлап табатын уақыт келді, – деді Беренгерес. – Дұрыс жасалса, ол миллиондаған адамдар үшін компьютер қолдануды денсаулыққа пайдалы әрі жайлы ете алады».
Зерттеу ACM Interactions журналында жарияланды: https://interactions.acm.org/archive/view/september-october-2025/flexible-ergonomics-can-a-flexible-mouse-fix-that-wrist-pain