«Болашақ» зауытынан өндірілген жарты миллион тонна сұйытылған газ коммерциялық және мұнай-газ химиясы жобаларына бағытталады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған нақты тапсырмаларға сәйкес, Энергетика министрлігі энергетика саласында бірқатар негізгі міндеттерді, соның ішінде сұйытылған мұнай газына (СМГ) ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуді жүзеге асыруда. Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Президент Жолдауында айтылған жұмыстарды жүзеге асыру шаралары туралы баяндады.
СМГ тек жанармай ретінде ғана емес, сонымен қатар мұнай-химия өнеркәсібі үшін шикізат ретінде пайдаланылатын стратегиялық ресурс болып саналады. Халықты және өнеркәсіптік тұтынушыларды үздіксіз қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігі СМГ-ны тауар биржаларынан тыс жеткізудің тоқсан сайынғы жоспарын қалыптастырады.
«Бекітілген жоспарға сәйкес, 10 зауыт өндіретін 130–140 мың тонна сұйытылған газ ай сайын өңірлерге таратылады. Мұнай-химия өнімдерін өндіру үшін СМГ пайдаланатын өнеркәсіп орындарына бөлек көлемде жіберіледі. Бұдан бөлек, 2026 жылдың соңынан бастап Қашаған кен орнындағы «Болашақ» зауытынан СМГ жеткізу жоспарланып отыр. Өндірілген өнімнің 65 пайызы немесе 455 мың тоннасы коммерциялық тұтынушыларға, соның ішінде мұнай-газ химиясы жобаларына сатылатын болады» Ерлан Аккенженов
Қабылданған шаралар ішкі нарықты тұрақтандырып қана қоймай, сонымен қатар СМГ өңдеуді дамытады. Бұл ұзақмерзімді перспективада газ-химиялық өңдеуді тереңдетуге және саладағы қосылған құнның өсуіне ықпал етеді.