Қазақстан мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалаудың жаңа тәсілдерін енгізуде

1309
Фотосурет: NU

Назарбаев Университеті алаңында Мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалаудың жаңа моделі мен Ашықтық индексі талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

2025 жылғы 9 қыркүйекте Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталық (ҰТО) алаңында «Мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалаудың жаңа моделі және Ашықтық индексі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге Мемлекеттік басқару академиясының, Экономикалық зерттеулер институтының, Назарбаев Университетінің сарапшылары мен ғалымдары, сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігінің, Жоғарғы аудиторлық палата (ЖАП), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Кіріспе сөзінде Жоғарғы аудиторлық палата мүшесі Юлия Энгель:

«Біз мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау жүйесінің трансформациялау сәтінде тұрмыз. Бағалау тек бағалау үшін емес, мемлекеттік аппараттың қызметін жетілдіру мен мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырудың негізгі бағыты мен нұсқаушысы болуы тиіс», — деп атап өтті.   

Тәуелсіз сарапшы және Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің докторанты Сабина Садиева мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау нәтижелерін Парламентте талқылауға шығаруды қолдап, бұл әдістемені жетілдіруге және есептілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам деп түйіндеді. Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдар қызметінде тұрақты жетілдіруді қамтамасыз ететін ынталандырушы тетіктерге көшу қажеттілігін атап өтіп, жазалаушы шараларға қарағанда аталған тетіктердің маңыздылығын ерекше айқындады.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Гүлсара Жүнісбекова квази-мемлекеттік секторды және оның өңірлердің дамуына әсерін бағалауды енгізу ұсынысын білдірді.

ҰТО Мемлекеттік басқару және мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясат орталығының жетекшісі Салтанат Джаненова бағалау нәтижелерінің жариялығын қолдайтынын атап өтіп:

«Бұл ғалымдарға, сарапшыларға және студенттерге бірнеше жылдар бойы мемлекеттік органдардың бағалау нәтижелеріне динамикалық түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді.   

Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі – билік пен қоғам арасындағы цифрлық және институционалдық өзара әрекеттесу арналарын дамыту. Дөңгелек үстел аясында мемлекеттік органдарды бағалаудың жаңа әдістемесін ұсынатын Ашықтық индексі таныстырылды. Бұл индекс мемлекеттік органдарды бес критерий бойынша бағалауды ұсынады: орындаушылық тәртіп, өтініштер мен шағымдарды қараудың сапасы, жеке қабылдауларды ұйымдастыру, халықпен кері байланыс және ашық деректер.  

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова: «Ашықтық индексі орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда пилоттық форматта сынақтан өткізілді, және біз тиімділік критерийлері мен индикаторларын жетілдірдік», - деп нақтылады.

ҰТО сарапшысы Сауле Газизова мемлекеттік органдардың қоғаммен өзара әрекеттесуінде бірыңғай дауыс саясатын ұстану және қарапайым тілде хабарлама стандартын сақтау маңыздылығын атап өтті. Бұл ашық, үйлесімді және сенімді коммуникацияларға кілт.

 Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Бахытгүл Хамбар мемлекеттік органдарды тұрақты даму тұрғысынан бағалауды қарастыруды ұсынды.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, ҰТО басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелері бойынша ғылыми-сараптамалық қауымдастық пен мемлекеттік аппарат арасындағы диалогты жолға қоюдағы ҰТО рөлін атап өтті. Бұл іс-шара мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалаудың жаңа тәсілдерін әзірлеуде ашықтықты арттыру үшін маңызды қадам. 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -