АӨК жеңілдетілген несие мен асыл тұқымды малды ұзақ мерзімді қаржыландыруға ие болады

1342
Фотосурет: ICAL

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің және шешуші бағыттар бойынша өзге де – цифрлық даму, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, су ресурстары, еңбек, оқу-ағарту, ғылым, спорт, денсаулық сақтау министрлерінің баяндамалары тыңдалады. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

 «Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін министрлік бірқатар жүйелі шаралар қабылдайтын болады. Өсімдік шаруашылығында қаржылық қолдаудың арқасында соңғы екі жылда барлық мәселелер жүйелі түрде шешіліп, салада тұрақты даму қарқыны қалыптасты. Енді мал шаруашылығы саласын тұрақты дамыту үшін жеке Кешенді жоспар әзірленетін болады. Бүгінгі күні мал шаруашылығында бордақылау алаңдары үшін айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген кредит беру ғана қарастырылған, алайда оның көлемі шектеулі және саланың қажеттіліктерін толық жаппайды. Жаңа бағдарламада нақты шаралар мен оларды қаржыландыру көздері айқындалады. Соның ішінде екінші деңгейлі банктерден инвестициялар тарту есебінен жүзеге асырылатын келесі бағыттар қарастырады. Олар:

- тауарлық шаруашылықтарға, құс фабрикаларына және тағы басқаларға қолданыстағы кредит беру мөлшерлемесін жылдық 5%-ға кеңейту;

- ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды мал басын сатып алуды «ұзақ» жеңілдетілген қаржыландыруды енгізу;

- «Даму» институты арқылы қамту деңгейін 80%-ке дейін кепілдік беру тетігін енгізу», - деді ол.

Оның айтуынша, қаржылық қолдаудан бөлек сала қызметкерлерінің отбасылары үшін қосымша әлеуметтік жеңілдіктер ұсыну көзделеді. Осы шаралардың жүзеге асуы нәтижесінде 2030 жылға қарай ірі қара мал басын 12 млн басқа дейін, ұсақ мал басын 30 млн-ға дейін ұлғайтуға, ішкі нарықты қамтуға және ет экспортын 2 есеге арттыруға мүмкіндік туады. Мал шаруашылығының дамуы ветеринариялық қауіпсіздік ахуалына тығыз байланысты. Осы бағытта ветеринариялық объектілерді салу және жаңғырту жалғастырылуда. Жануарларды сәйкестендіру жүйесі енгізіліп, жануардың туылған сәтінен бастап сойылуына дейін толық қадағалау қамтамасыз етіледі.

«Келесі кезең - цифрлық генетикалық сертификаттарды енгізу, кеден органдарымен интеграцияны кеңейту. «Инвестициялар тарту үшін импортты алмастыру мен экспортты  кеңейтуді ескере отырып, «2025-2027 жылдарға арналған АӨК-тегі инвестицияларға тапсырыс» іске асырылатын болады. Жалпы көлемі 1,2 трлн теңге болатын ұзақ мерзімді жеңілдікті қаржыландыру аясында 202 жобаны жүзеге асырылмақ. Бұл жыл сайын 2,5 млн тоннадан астам бидайды терең өңдеуге, сондай-ақ 4,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында аграрлық ғылымды дамытудың жоспары әзірленетін болады. Қазіргі уақытта НАНОЦ-тың жұмысы коммерцияландыруды ұлғайтуға басымдықпен қайта қаралуда. Болашақта аграрлық ғылымды одан әрі реформалау молекулалық селекция мен гендік инженерияны дамыту, құрғақшылыққа төзімді сорттарды әзірлеу, климатқа бейімделген егіншілік және органикалық ауыл шаруашылығы бағыттарында жүзеге асатын болады», - деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Оның айтуынша, экспорт көлемін ұлғайту үшін астықты тасымалдау шығындарын субсидиялау жалғастырылмақ. Мал шаруашылығы өнімін экспорттауға Еуро Одақ елдерінің нарықтары ашылып, фитосанитариялық кедергілер алынатын болады. Министрлік логистиканы, ветеринариялық және фитосанитариялық стандарттарды ескере отырып, аграрлық экспорттық жоспар дайындайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жер комиссиясының қатысуынсыз цифрлық платформа арқылы конкурстар өткізу бөлігінде жер заңнамасына түзетулер әзірленді. Сондай-ақ, конкурсқа қатысушылар үшін талаптар күшейтілді. Бұдан басқа жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы құрылмақ.

Қайтарылған 13,7 млн гектар жердің бүгінгі күні 6,2 млн гектары бөлінді, 7,5 млн.гектар қайта бөлінбек. Әрбір өңірге қалған жерлерді қайта бөлу бойынша көрсеткіштер бекітілді, әкімдіктер жоспарларды бекітіп, жергілікті тұрғындардың жайылымдарға қажеттілігін ескере отырып, оларды орындауы қажет.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -