Құрмет қарауылының сүйемелдеуімен ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы – Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Қуанышбек Үштаев пен Францияның Қазақстандағы елшісі Сильвиан Гиоге Шарль де Голль ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шарль де Голль — Франция халқының тәуелсіздігі мен бірлігінің символы саналады.
«Батырларымыздың есімі мәңгі сақталады»
Салтанатты рәсім барысында генерал-майор Қуанышбек Үштаев соғыс жылдарындағы халықтар достығы мен ерліктің маңызына тоқталды.
– Соғыс жылдары миллиондаған адам тағдыры сынға түсті. Отқа оранған майдан даласында француздармен бірге жауға қарсы жан алып, жан беріскен шайқаста жеңіске жетуге партизандардың қосқан үлесі зор болды. Бүгінгі марапаттау рәсімі тек өткенге тағзым ғана емес, батырларымыздың ерлігін ұлықтау. Жауынгерлеріміздің есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады, – деді генерал-майор Қуанышбек Үштаев.
Франция қазақ жауынгерлерінің ерлігін бағалады
Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильвиан Гиоге партизан жауынгерлердің ұрпақтарына Француз Республикасының Қарулы күштер және ардагерлер министрі Катрин Вотреннің атынан «Азат ету» медалін табыстады.
Министрдің жолдаған үндеуінде қазақстандықтардың Францияны азат етудегі рөлі ерекше атап өтілді.
– Үш жүзден астам қазақстандық Франция жерінде француздармен бірге, қатарласа, елімізді азат ету жолында шайқасты. Осылайша, олар өз Отанына мыңдаған шақырым жерде, ортақ жауға қарсы бірігіп, қиындықтарды бастан кешіріп, қан төгіп, тіпті жандарын пида етті. Кезінде генерал де Голль оларға құрмет көрсетті, ал бүгінгі Франция мұны ұмытпайды, – делінген Катрин Вотреннің сөзінде.
«Көзімізге жас келіп тұр»
Марапаттау рәсімінде батырлардың балалары мен немерелері ерекше толқығандарын жасырмады.
Олар үшін бұл марапат — тек медаль емес, әкелері мен аталарының ерлігіне берілген тарихи баға.
– Бүгінгі толқынысымыз ерекше. Әкеміздің ерлігі ұлықталып жатыр. Өте ризамыз, көзімізге жас келіп тұр. Батырлар рухына құрмет көрсетіп жатқан Францияға, еліміздің Қорғаныс министрлігіне алғысымыз шексіз, – деді партизан жауынгер Бектемір Байжановтың ұлы Сырлыбай Бектеміров.
Неге бұл тарих маңызды?
Францияны азат етуге қатысқан қазақстандықтар туралы көп айтыла бермейді.
Алайда бұл оқиға қазақ жауынгерлерінің ерлігі тек Қазақстанда емес, Еуропада да ұмытылмағанын көрсетті.
81 жылдан кейін берілген бұл марапат — тарих пен ұрпақ сабақтастығының символына айналды.
Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, батырлар рухына тағзым етті.




