Дәстүрге 55 жыл: Алматыда болашақ офицерлер қалай дайындалады?

946
Фотосурет: Gov

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери институттың 358 курсанты ант берді, деп хабарлайды DKNews.kz.

1 курс курсанттарының әскери ант беру рәсімі оқу ордасының 55 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Бүгінде бұл институт елдегі жетекші әскери білім ордаларының бірі саналады.

Жас курсанттар екі айлық дайындықтан соң Отанға адал қызмет етуге серт беріп, Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қатарына ресми түрде қабылданды.

"Бүгін – Отан қорғау жолын таңдаған әрбір жастың өміріндегі ең маңызды кезең. Сіздер осы сәттен бастап халық алдындағы қасиетті борышты мойындарыңызға алып отырсыздар. Әрқайсыңыз бұл жолда табандылық, ерлік пен кәсібилік танытып, ел сенімін ақтайсыздар деп сенемін" Институт бастығы полковник Ербол Нұржанов

Ата-аналардың да қуаныштарында шек жоқ.

"Ұлының есейіп, Отан қорғауға дайын екенін көру – ананың бағына біткен бақыт. Осы екі айда ол мүлде өзгеріп, нағыз ер азаматқа айналды. Біз оның нағыз офицер боларына сенеміз" 1 курс курсантының анасы Нұржанат Абалықова

Салтанатты шара барысында екінші курста оқитын десантшылар қоян-қолтық ұрыстың түрлі элементтерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мерекелік жиын институттың шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Бұл өнер көрсетілімдері оқу орнының бай тарихы мен дәстүрлерін айшықтап көрсетті.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери институттың 55 жылдық мерейтойына орай өткен әскери ант қабылдау рәсімі – болашақ офицерлердің ел қорғауға дайындығы мен сертіне деген адалдығының айқын көрінісі болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -