ТМД кеден қызметтері экономикалық қауіпсіздікті қорғау үшін ынтымақтастықты күшейтуде

1056
Фотосурет: Gov

2025 жылғы 12 қыркүйекте Алматы қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің кеден қызметтері басшылары кеңесінің құқық қорғау бөлімшелері басшылары комитетінің 25-ші отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кеден қызметтерінің құқық қорғау бөлімшелері басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Аталған Комитет — ТМД елдерінің кеден саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күресте өзара іс-қимылды дамыту мақсатында құрылған үйлестіруші орган болып табылады.

Жиынның ашылуында Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов құттықтау сөз сөйлеп, контрабанданың ТМД мемлекеттерінің экономикалық қауіпсіздігіне төндіріп отырған елеулі қатері туралы айтты. Ол бұл бағытта ақпарат алмасу, үйлестірілген іс-қимыл және серіктестікті нығайту маңызды екенін атап өтті.

Отырыста контрабандаға қарсы іс-қимыл саласындағы өзекті қауіптер, оның ішінде халықаралық саудадағы жаңа үрдістер, заманауи технологияларды пайдалану және тауарларды заңсыз өткізу схемаларын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және бірлескен шаралар қабылдау арқылы ТМД елдерінің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және контрабандаға қарсы күресті күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аталған отырыс ынтымақтастықты нығайтудың және өзекті мәселелер бойынша тиімді шешімдер қабылдаудың маңызды алаңына айналды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -