Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы еліміздегі ең өзекті саяси оқиғалардың біріне айналды. Онда ел дамуының негізгі басымдықтары айқындалып, ауқымды саяси және экономикалық реформалар бағыты белгіленді. Бұл бастамалар Қазақстанда ғана емес, шетелдік сарапшылар арасында да кеңінен талқыланып жатыр. Осы орайда белгілі армениялық саясаткер, Еуразиялық сарапшылар клубының үйлестірушісі, Ереван мемлекеттік университетінің Халықаралық қатынастар факультеті жанындағы Ресей зерттеулері орталығының директоры, «Интеграция және даму» қоғамдық ұйымының жетекшісі Арам Сафарян өз ойымен бөлісті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көтерілген, әсіресе цифрлық экономиканы дамыту мен жаңа әлемдік экономикалық тәртіпті қалыптастыруға қатысты Қазақстан үшін қандай идеялар мен бағыттар өзекті деп санайсыз?
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына, Парламент депутаттарына, Үкімет мүшелеріне және барша қазақстандықтарға арнаған Жолдауын зор қызығушылықпен оқыдым. Бұл Жолдаудағы кейбір тұстар менің жүрегіме жақын десем де болады. Себебі онда қазіргі кезеңде Қазақстан экономикасы мен Армения экономикасының алдында тұрған міндеттердің үлкен ұқсастығын байқадым.
Қазақстанда жаңа әлемдік экономикалық тәртіпті қалыптастыруға айрықша мән берілуде. Бұл өте маңызды қадам. Бүгінде цифрлық экономика дамыған елдерде ғана емес, басқа да дамушы мемлекеттердің өміріне барған сайын терең енуде. Ол уақыт талабына сай шешімдер қабылдауды қажет етеді. Қазақстан да жаһандық бәсекелестікте қалып қоймай, экономикасын дамытуға, ел ішінде әлеуметтік жағдайды жақсартуға, азаматтарының бақуатты өмір сүруіне ұмтылып отыр.
Президент айтқан жеті негізгі бағыт алдағы бірнеше жылға, ең алдымен алдағы үш жылға есептелген. Осы уақыт ішінде түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылмақ. Соның бірі – экономиканы цифрландыру. Бұл бүкіл әлем елдері үшін өзекті міндет, әсіресе дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуды мақсат еткен елдер үшін.
Президент ұсынған «Alatau city» цифрлық қаласын құру жобасының ауқымын қалай бағалайсыз?
Қазақстанда «Alatau city» атты цифрлық қаланы салу бастамасы ғаламдық деңгейдегі жоба. Алдағы бірнеше жылда толық цифрландырылған, заманауи экономикалық үлгіні жүзеге асыра алатын қаланы тұрғызу көзделіп отыр. Мұндай қалалар бүгінде АҚШ пен Қытайда салынуда.
Айта кету керек, посткеңестік кеңістіктегі барлық мемлекет өз елінде цифрландыру мәселесін шешуге талпынып жатыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ аясында бұл тақырып халықаралық ұйымдардың күн тәртібінде де тұр. Қазақстан Президенті небәрі үш жылда елді жетекші цифрлық мемлекетке айналдыруды мақсат етіп отыр. Бұл тек экономика саласындағы емес, сонымен бірге саясаттағы да заманауи сын-қатерлерге берілген батыл әрі уақтылы жауап.
Жолдауда көлік инфрақұрылымын дамыту жөнінде де ауқымды жоспарлар айтылды. Олардың Қазақстан мен көршілес елдер үшін маңызын қалай бағалайсыз?
Қазақстанның көлік-коммуникациялық саласына ерекше назар аударғаны маған өте ұнады. Мұнда шамамен мың шақырым жаңа темір жол салу, қолда бар инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ Транскаспий дәлізін дамыту көзделген.
Біз, Оңтүстік Кавказ тұрғындары, мұндай бастамалардың маңызын жақсы түсінеміз. Армения сияқты шағын мемлекет те «Батыс – Шығыс» халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі бола алады. Бұл маршрут толыққанды іске қосылған сайын, ол біздің барлық елдерімізге зор пайда әкелмек. Егер Армения мен Әзербайжан арасындағы көлік қатынасы толық қалпына келсе, біз де Транскаспий магистраліне қосыла аламыз. Ал Транскаспий дәлізі Каспий теңізі арқылы Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды біртұтас жолмен байланыстырады. Бұл жол Қытай мен Еуропаны жалғайды. Президент Қазақстан атап өткендей, ол ХХІ ғасырдың жетекші көлік дәліздерінің біріне айналады. Тиімділігі жағынан ол Үнді және Атлант мұхиттары арқылы өтетін теңіз жолдарынан да, солтүстіктегі бағыттардан да артық болмақ.
Жолдауда білім беру, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік басқару реформасы туралы да айтылды. Осы бағыттарды қалай бағалайсыз?
Президент Қазақстан білім беру саласына айрықша көңіл бөлуде. Бұл өте маңызды. Елдің жетекші университеттері, мектептері, арнайы оқу орындары заманауи стандарттарға сәйкес жұмыс істеуі тиіс және ең жоғары халықаралық деңгейге шығуы қажет.
Мұның бәрі не үшін жасалуда? Қазақстан өзіне қойылған жаһандық міндеттерді абыроймен орындау үшін. Айта кетейін, бұл міндеттердің бірі – әлемнің ең дамыған 50 мемлекетінің қатарына ену. Бұл – өте маңызды әрі өршіл мақсат, ол ғасырдың ортасына қарай жүзеге асырылуы тиіс.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамытуға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге де назар аударылды. Президент бюрократияны барынша азайтып, әкімдер мен жергілікті биліктің жұмысын заманауи деңгейге көтеруді тапсырды. Бұл процесте цифрландыру негізгі құралға айналады.
Саяси реформалар тұрғысынан алғанда, Жолдауда ұсынылған Парламенттің бір палаталы жүйеге көшу бастамасын қалай бағалайсыз? Бұл қадам Қазақстанның саяси жүйесіне қандай жаңа серпін беруі мүмкін деп ойлайсыз?
Қазақстандағы саяси жүйенің қарқынды дамуы ерекше әсер қалдырады. Жуырда ғана Президент институтын реформалау мәселесі қолға алынды. Қазақстанда мықты Президент институты, қуатты Парламент және жергілікті деңгейде орныққан демократиялық билік бар.
Қазір Президент алдағы екі-үш жыл ішінде бір палаталы Парламентке кезең-кезеңімен көшу міндетін қойып отыр. Мұндай модель заманауи саяси талаптарға барынша сай келіп, маңызды мәселелерді неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда үздік басқару тәжірибелерін енгізу бағытындағы ізденістер тоқтаусыз жүріп жатыр. Елде бұл тәжірибелерді саяси, экономикалық және қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруға ұмтылыс бар. Осы тұрғыда Қазақстан Президентіне және бауырлас ел халқының барлық жоспарларын жүзеге асыруына табыс тілеймін. Алдағы үш жылда Қазақстан ауқымды реформаларды табысты іске асырып, Орталық Азиядағы ең дамыған экономикаға айналатынына сенемін.