Қазақстан жаһандық MIHAS халал платформасында экспорттық әлеуетін кеңейтуде

1133
Фотосурет: Gov

Қазақстан әлемдегі халал өнімдер мен қызметтерді ілгерілетуге арналған ең ірі халықаралық платформа саналатын Malaysia International Halal Showcase (MIHAS) көрмесіне алғаш рет қатысып отыр. Көрмеде Қазақстанның ұлттық павильонында 20 отандық компанияның өнімі қойылған. Бұл еліміздің халал сегментіндегі экспорттық зор әлеуетінің көрінісі, деп хабарлайды DKNews.kz.



MIHAS көрмесі жыл сайын Куала-Лумпур қаласында өтеді және халал өнімдерді халықаралық нарықтарға шығару, тәжірибе алмасу мен іскерлік байланыстар орнатуға арналған жаһандық алаң саналады. Қазақстанның бұл көрмеге қатысуы елдің халал индустриясының жаһандық экожүйесіне белсенді қатысуға және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен экономикалық байланыстарды нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді.



Малайзияға сапарының алғашқы күнінде Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев MIHAS-2025 халықаралық көрмесінің ашылуына қатысып, экономикалық әріптестікті дамыту және негізгі салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.



Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі мен Малайзияның Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі министрі Мохамад Сабу арасында екіжақты кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіп кешені, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өнімдерді жаңа нарықтарға шығару салаларындағы ықпалдастықтың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамыту және Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан тарапы ауыл шаруашылығы өнімдерін бәсекеге қабілетті бағамен Малайзия нарығына экспорттауға дайын екенін мәлімдеп, JAKIM ұйымының қазақстандық халал стандарттарын мойындауын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, санитарлық және ветеринарлық келісімдер, жаңа экспорттық бағыттарды ашу және өнімді қайта өңдеу саласындағы бірлескен инвестициялар мәселелері қарастырылды.

Интеграцияланған логистикалық дәліздерді дамыту, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары мен екі ел арасында тікелей әуе қатынасын орнату мүмкіндіктері басты назарда болды.



Малайзия тарапы ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялар мен технологиялар алмасуға, сондай-ақ академиялық және ғылыми-зерттеу бағдарламаларын дамытуға қызығушылық білдірді.

«Азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жаһандық сын-қатерлер жағдайында Қазақстан мен Малайзияның бірлескен күш-жігері екі ел үшін де орнықты даму мен тұрақтылықтың кепілі болмақ», - деп атап өтті министрлер.

Сол күні ҚР Сауда және интеграция министрі Малайзияның Ұлттық сауда және өнеркәсіп палатасы (NCCIM) президенті Н. Гобалакришнанның басшылығымен ұйым өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында сауда айналымын ұлғайту, логистиканы дамыту, цифрландыру, жасыл энергетика, химия өнеркәсібі мен тамақ өнеркәсібі сияқты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Халал өнімдерін ілгерілету перспективаларына және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы Малайзияның Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығу үшін стратегиялық хаб ретіндегі рөлін атап өтіп, малайзиялық компаниялардың Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі жобаларға қатысу мүмкіндіктерін ұсынды.

Тараптар Қазақстан-Малайзия іскерлік кеңесінің жұмысын қайта жандандыру және оның келесі отырысын 2026 жылы Қазақстанда өткізу туралы келісімге келді. Бұл отырыста жаңа бірлескен жобалар ұсынылатын болады.

«Біз NCCIM ұйымы Қазақстан мен Малайзия іскер топтарының арасындағы маңызды көпірге айналып, сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз», - деді Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -