Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Қатысушылар тек қоқыс жинап қана қоймай, қаланың әр аумағында ағаш отырғызды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Атап айтқанда, Ташенев көшесі бойындағы гүлзарда сенбілікке қатысушылар шамамен 100 ағаш отырғызды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Экологиялық шараға 160 адам қатысты. Олардың арасында елордадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагерлері, Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, ауданның белсенді тұрғындары, Esil University мен «Тұран» колледжінің студенттері болды. Ағаш отырғызудан бөлек, студенттер гүлзарды қоқыстан тазартып, жиналған жапырақтарды шығарып отырды.
«Бүгін таңертең осы жерге сенбілікке жиналдық. Жастарға қаланың тазалығы мен экологиясы маңызды екенін көрсету үшін келдік. Біз аумақты тазалап, ұзақ жылдар бойы қалаға қызмет ететін және таза ауа бөлетін ағаштар отырғыздық», – деді Esil University студенті Әли Қайролла.
Биыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Байқоңыр ауданында кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінген.
Жыл басынан бері ауданда шамамен 3000 ағаш, 460-тан астам бұта, 20 500-ден аса сәндік өсімдік, 16 300 көпжылдық гүл, 6000 м²-ден астам біржылдық гүл және 2200 метрге жуық жасыл қоршау отырғызылды.
«Осы көгалдандыру жұмысы аясындағы ірі жобалардың бірі – Ташенев көшесі бойындағы сквер. Бұрын мұнда бос аумақ болса, бүгінде қылқан жапырақты ағаштар, қарағайлар, қайыңдар және өзге де көшеттер өсіп тұрған жасыл аймақ пайда болды. Көктемде мұнда 500-ден астам ағаш отырғызылды, өткен аптада тағы 50-ге жуық ағаш, ал бүгін қосымша шамамен 100 ағаш егілді», – деді Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді.
Еске сала кетейік, елордада 13 қыркүйектен 11 қазанға дейін дәстүрлі экологиялық айлық өтіп жатыр.