Теміртау театрының «RE: Обломов» спектаклі беделді марапатқа ие болды

3487
Фотосурет: Gov

Теміртау қалалық балалар мен жасөспірімдер театры Жезқазғанда өткен Жанат Хаджиев атындағы IV халықаралық театр фестивалінде «Үздік ансамбль» номинациясының жүлдесін иеленді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Әртістер Иван Гончаровтың романы бойынша сахналанған «RE: Обломов» спектаклін ұсынып, Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан келген қатысушылар арасынан озып шықты.

Пьесаны сахнаға бейімдеген – Ольга Малышева, режиссері – Антуан Дукравец.

– Бұл спектакль бізде кіші сахнада, анағұрлым камералық, «кино» форматында ойналады. Жезқазғанда оны үлкен сахнада қоюға тура келді, сол үшін қобалжыған едік. Бірақ қойылым өзгелердің арасынан айқын ерекшеленді. Соның нәтижесінде «Үздік ансамбль» жүлдесін иелендік, – деді театрдың көркемдік жетекшісі міндетін атқарушы Олег Керимов.

Фестиваль заманауи театр өнерінің формаларына, жаңа әдіс-тәсілдері мен технологияларына назар аударуға, 

сондай-ақ театрлар мен сыншылар арасындағы байланыстарды дамытуға бағытталды. 

Алда театрдың жаңа – 36-маусымы басталмақ. 27 қыркүйекте ең кішкентай көрермендер үшін Оксана Квасневскаяның қойылымы – «Зачем гусенице крылья?» ертегісінің премьерасы өтеді. Бұл оқиға құрттың көбелекке айналуын, достық пен өзара түсіністікті баяндайды. 

Келесі күні, 28 қыркүйекте, көрермендер Айдын Салбановтың «Төрт қауырсын. Мыстан. Бәйтерек» спектаклін тамашалайды. Қойылымда отбасылық құндылықтар мен үлкендерді құрметтеу тақырыптары қозғалады.

– Жақын күндері Владимир Гуркиннің «Прибайкальская кадриль» пьесасын сахналауға кірісемін. Бұл – көпшілікке «Любовь и голуби» шығармасы арқылы жақсы таныс автор, – деп қосты Олег Керимов. – Одан кейінгі жоспарымыз – жаңа жылдық ертеңгіліктерге дайындық. Балаларды қызықты ертегілік қойылымдар күтіп тұр.

Жаңа премьералардан бөлек, көрермендер сүйікті спектакльдерді де тамашалай алады. Олардың қатарында Григорий Гориннің пьесасы бойынша қойылған «Поминальная молитва», Михаил Хейфецтің лирикалық комедиясы «Rock’n’roll на закате», сондай-ақ Жеңістің 80 жылдығына орай сахналанған «Мой милый, лишь бы не было войны...» музыкалық-поэтикалық композициясы бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -