Елорда спортшылары Ғашықтар саябағында өткен сенбілікке қатысты

3872
Фотосурет: Gov

Елорданың барлық ауданында 20 қыркүйек күні таңертеңнен бастап «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» республикалық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды жалпы қалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Оған белсене қатысқан елордалық спортшылар Ғашықтар саябағында тазалық жұмысын жүргізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Сенбілікке 100-ден астам спортшы, бапкер және спорт мектептерінің ұжымдары қатысты. Олардың арасында ел мақтанышына айналған белгілі спортшылар бар: бокстан екі дүркін әлем чемпионы Санжар Ташкенбай, ауыр атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Аңсар Тұрсынбек, Азия чемпионы әрі бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы Венера Жақсыбаева (каратэ), Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Ерғали Шәмей (пара дзюдо), Азия чемпионатының күміс жүлдегері Николь Ценгель (каратэ), сондай-ақ Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит бар.

«Бүгін біз басқарма басшылары, бапкерлер және спортшылармен бірге «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпы қалалық сенбілікке қатыстық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей:«Тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көшеден және әр қаладан басталуы тиіс. «Таза Қазақстан» бір реттік шара емес, өмір салтымызға айналуы керек».

Бұл үндеуді толық қолдаймыз. Жеке үлгі арқылы тазалық пен тәртіп әрқайсымыздан басталатынын көрсеткіміз келеді. Бірлескен күш-жігерімізбен қаланы абаттандыруға үлес қосып, жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастырамыз. Мұндай акциялар тұрғындардың басын қосып, елімізді одан әрі таза, жайлы әрі көрікті етеді деп сенемін», – деді Василий Левит.

Айта кетейік, елордалық спортшылар түрлі экологиялық шараларға белсене қатысып, өз үлгісімен қаланың тазалығына шақырып жүр.

«Өзім тұратын қалада әрдайым сенбілікке қатысуға тырысамын. Жарыс алдындағы не турнирден кейінгі уақыт болса да қалдырмаймын. Өйткені сен кім болсаң да, тіпті екі дүркін әлем чемпионы, белгілі спортшы болсаң да, өз әрекетіңмен өзгелерге үлгі көрсетуің керек», – деп атап өтті Санжар Тәшкенбай.

Естеріңізге сала кетейік, елордада 13 қыркүйек пен 11 қазан аралығында дәстүрлі экологиялық айлық «Таза Қазақстан: Таза Астана» өтіп жатыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -