2–4 қазан аралығында Астанада жасанды интеллект тақырыбына арналған Орталық Еуразиядағы ең ірі технологиялық форум Digital Bridge 2025 өтеді. Биылғы форум ауқымы кеңейіп, негізгі үш күнге қоса AI Week апталығы өтеді. Әлемдік корпорациялар мен халықаралық ұйымдар қатысатын бұл апталық жаңа идеяларға жол ашпақ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Digital Bridge 2025 – білім беру, экономика, мәдениет және мемлекеттік басқарудағы технологиялық өзгерістерді талқылайтын басты алаң. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – Generative Nation. Бұл – Қазақстанның технологияға сүйенген білім қоғамын қалыптастыруға, адами капиталды дамытуға бағытталған стратегиялық бағыты.
«Generative Nation – Қазақстанның жасанды интеллект мамандарын даярлауға, ұлттық стартаптарды қолдауға және жаһандық серіктестіктерді нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді стратегия. Біз тек технологияны тұтынатын емес, әлемдік деңгейде өнім мен шешім шығаратын қоғам құруды көздейміз. Қазақстанды Еуразиядағы басты инновациялық орталық ретінде танытып, білім, бизнес пен мемлекеттік саясатта жаңа стандарттар қалыптастыру – басты мақсатымыз. Digital Bridge 2025 осының бәрін айқын көрсетіп, тың идеялар мен әлемдік трендтерді ұсынады» Digital Bridge бас директоры Дания Ахметова
Форум алты негізгі бағытты қамтиды: Startups Bridge стартаптар мен инвесторларды тоғыстырады. Tech Bridge технологиялар, деректер мен жабдықтарға арналмақ. Global Bridge халықаралық әріптестік пен экспорт мәселелерін қамтиды. Gov Bridge мемлекет пен бизнес арасындағы диалог алаңы болады. Talent Bridge білім беру мен цифрлық дағдыларға назар аударады. Creative Bridge мәдениет пен медиадағы жасанды интеллект ықпалын көрсетеді.
Форум аясында alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Қазақстан Президентінің төрағалығымен AI кеңесі өтеді. Сондай-ақ жүлде қоры 100 мың доллар болатын Astana Hub Battle стартаптар сайысы ұйымдастырылады.
Форумдағы көрме кеңістігіне IT-компаниялар аймағы, елдік павильондар және дәстүрлі Startup Alley кіреді. Мұнда жүздеген жаңа технологиялық шешім ұсынылады. Робототехника аймағында гуманоид роботтар, робот иттер мен дрондар көрсетіледі. Арт-аймақта жасанды интеллект көмегімен жасалған фотозона, иллюстрациялар мен арт-инсталляциялар ұсынылады. Ойын индустриясы аймағы жаңа ойындарды сынап көруге мүмкіндік беріп, киберспорт аренасымен толықтырылады.
Форум Премьер-Министрдің қатысуымен қорытындыланады. Ең басты оқиға – Қазақстанның болашаққа көзқарасын айқындайтын алғашқы AI-манифестінің қабылдануы болмақ. Бұл құжат жасанды интеллект көмегімен әзірленіп, Generative Nation тұжырымдамасын бекітеді.
Биылғы форумның бас серіктесі – Freedom Bank Kazakhstan. Алтын серіктестер – Kaspi.kz, Yandex Qazaqstan, “Қазақтелеком” АҚ. Күміс серіктес – “Транстелеком” АҚ. Қола серіктестер – BI Group, “Бәйтерек” ҰБХ” АҚ, Еуразиялық банк және Ozon. Инновациялық серіктес – InDrive. Ақпараттық серіктестер – CITIX, Musan Group, EcoGenMedia, MYD, Visit Astana.
Форумды Astana Hub халықаралық инновациялық кластері ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Астана қаласы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырады.
Толық ақпарат пен билеттерді сатып алу мүмкіндігі Digital Bridge 2025-тің ресми сайтында қолжетімді.