«ХҚКО» мобильді қосымшасында Қазақстанда тіркелген автокөлік жайлы мәліметтерді алуға болады, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жаңа сервисті іске қосты – «Авто тарихы».
Есепте көліктің тіркелуі, бұғаттамалар мен кепілдер, әкімшілік айыппұлдар, кедендік ресімдеу, утилизациялық алым төлемі, арнайы белгілер мен берілген техпаспорттар туралы деректер көрсетіледі.
Ақпарат алу үшін өтініш беруші көліктің VIN-кодын көрсетуі тиіс. Есеп мемлекеттік деректер қоры мен ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің негізінде онлайн қалыптасады.
Қызмет «ХҚКО» мобильді қосымшасында (App Store/Google Play) ЖСН мен телефон нөмірі арқылы авторизациядан кейін қолжетімді.
Бір тексерістің құны – 500 теңге. Сонымен қатар топтамалық ұсыныстар бар: 10 тексеріс – 4500 теңге, 20 тексеріс – 8000 теңге.