Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті әдеп жөніндегі уәкілдер мен персоналды басқару қызметтерінің (кадр қызметтерінің) өкілдеріне арналған семинар өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара барысында жұмыс уақыты режимінің сақталуын қадағалау нәтижелері, сондай-ақ қашықтан жұмыс істеу, аралас қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс уақыты режимін қолдану тәжірибелері талқыланды.
Бақылау және қол жеткізуді басқару жүйесінің деректері бойынша 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 154 мемлекеттік қызметші үстеме жұмысқа тартылды. Олардың үстеме жұмысының жиынтық ұзақтығы 283 сағат 37 минутты құрады. Алайда, қызметшілерге тиісті өтемақы, демалыс күндері немесе сағаттары берілмеген. Департаменттің араласуынан кейін қызметшілердің құқықтары қалпына келтірілді, мемлекеттік органдар тарапынан демалыс беру туралы тиісті актілер қабылданды.
Мемлекеттік органдар ұсынған ақпаратқа сәйкес, облыс аумағында қызмет атқаратын 28 қызметшіге икемді жұмыс уақыты режимі белгіленген. Оның ішінде 8 қызметші жергілікті атқарушы органдарда, ал 20 қызметші орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде қызмет етеді.
Демалыс және мереке күндері 212 мемлекеттік қызметші қызметтік міндеттерін орындауға тартылды, олардың қатарында 80 жергілікті атқарушы органдардың және 132 орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері бар. Еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 88 қызметшіге тиісті ақшалай өтемақы төленіп, 124 қызметшіге демалыс күндері берілді.
Мемлекеттік органдарға бару арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізу аясында алты мемлекеттік орган қамтылды. Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде 21 бұзушылық анықталып, белгіленген тәртіппен 6 акт жасалды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету шеңберінде семинар қатысушыларының назары қолданыстағы заңнама нормалары мен талаптарын бұлжытпай сақтау қажеттілігіне ерекше аударылды.