Бүгін Алматыда Kazakhstan Growth Forum K25 өтті. Оған 500-ден астам кәсіпкер, топ-менеджерлер мен Қазақстанның ірі компанияларының басшылары жиналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Онлайн режимде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысушыларға арнап сөз сөйледі.
2025 жылғы Форумның басты тақырыбы — Customer-Centric Kazakhstan: клиентке бағдарланған жаңа индустрияландыру тұжырымдамасы болды. Серік Жұманғарин биыл ел экономикасы үшін бетбұрыс жыл болғанын атап өтті: ЖІӨ-дегі мұнай секторының үлесі тұрақты түрде төмендеп келеді, ал өңдеу өнеркәсібінің экономикаға қосқан үлесі артуда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша мұнай саласының үлесі ЖІӨ-нің 8,1%-ын құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,4%-ға жетті.
Вице-премьер 2025 жыл экономикалық өсу көздерін қайта қарастыру тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Үкіметтің бақылауында мұнай-химия, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу және машина жасауды қосқанда, жалпы құны шамамен $27 млрд доллар 17 ірі жоба бар. Олардың қатарында жақын арада Қостанай мен Алматыда жұмысын бастайтын автозауыттар бар. Сонымен қатар $80 млрд көлемінде 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар іске асырылуда.
Серік Жұманғарин 2025 жылы басталған «Бәйтерек» даму қаржы институтын капиталдандыру бағдарламасына ерекше назар аударды.
«Қазіргі күрделі қаржылық жағдай мен сыртқы экономикалық сын-қатерлерге қарамастан, біз «Бәйтеректі» капиталдандыруға 1 трлн теңге бағыттап отырмыз. 1-ден 7-ге дейінгі арақатынаспен «Бәйтерек» тетіктері арқылы қосымша 7 трлн теңге тартамыз. Оның ішінде 4 трлн теңге – экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдауға арналған валюталық ресурс. Нәтижесінде 8 трлн теңге, яғни шамамен $15 млрд көлемінде осы жылдың өзінде экономиканың нақты секторындағы жобаларды қаржыландырамыз. Бұл экономикаға қосымша серпін беріп, ЖІӨ өсімінің шамамен 1,3%-ын қамтамасыз етеді. Бұл негізінен мұнайдың лайықты баламасы» Серік Жұманғарин
Серік Жұманғариннің айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту экономикалық өсудің негізгі факторларының бірі болып қала береді. 2025 жылы 13,1 мың шақырым автожол және 4 мың шақырым теміржол салынып, жөнделеді. «Достық – Мойынты» учаскесінің құрылысы аяқталып, келесі жылы «Мойынты – Қызылжар» жобасы басталады. Ал «Бейнеу – Сексеуіл» жобасы ЕҚДБ мен ХҚДБ тарапынан қолдау тауып, 800 млрд теңгеден астам қаржы бөлуге дайын екені расталды. Бұл орта дәліздің мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар вице-премьер автожолдарды күтіп ұстау ерекше тәсілді қажет ететініне назар аударды. Өйткені көптеген автожол экономикалық тұрғыдан өтелмейді. Мұндағы мемлекеттік кепілдік көбінесе нақты міндеттемеге айналады. Осыған байланысты, инфрақұрылымдық дамуды жеделдететін, темір жолдарға қызмет көрсету стандарты қолданылатын күрежолдарды күтіп ұстауға арналған ұсыныстар пакеті әзірленуде.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин халықаралық транзиттік маршруттарды дамыту перспективасына тоқталды. 2025 жылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойынша теміржол тасымалының көлемі 4,5 млн тоннадан асады, ал болашақта бұл көрсеткіш 7–10 млн тоннаға дейін жетеді. Бұл өнімді өткізу үшін әлемдік порттарға шығаратын сенімді жолдарды дамытудың маңыздылығын айқындайды. Осыған байланысты Ауғанстанмен «Тургунди – Герат» теміржолын салу туралы меморандумға қол қойылды. Жоба CASA (Орталық Азия – Оңтүстік Азия) дәлізінің бөлігі ретінде Қазақстанды Түркіменстан, Ауғанстан және Пәкістан арқылы өтетін маршруттармен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Вице-премьердің пікірінше, бұл жобаларды алдағы 5-10 жылда іске асыру Қазақстанның жаңа экспорттық нарықтарға нық шығуына және әртараптандыру жағдайында экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз етуде аса маңызды.