Ксения Балабаева рапидтен әлем чемпионы атанды

1188
Фотосурет: KazChess

Ксения Балабаева 2025 жылы 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен рапид бойынша әлем чемпионатында жеңіске жетті. Турнир Перу астанасы Лимада өтіп жатыр. 19 жастағы алматылық шахматшы 9 турдан кейін 7 ұпай жинады. Жарыс швейцар жүйесі бойынша 15+10 уақыт бақылауымен (әр ойынға 15 минут және әр жүріске 10 секунд қосылады) өткізілді. Балабаева екі күннен кейін 5 ұпаймен көш бастап тұрған. Жарыстың соңғы күнін Ксения 47-ші жүрісте мат қойған Умида Омонованы жеңумен бастады. Кейін Анна Журова және Афруза Хамдамовамен сенімді тең ойнап, 1-ші орынды алдын ала қамтамасыз етті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ксения Балабаева – 2024 жылы Будапештте өткен шахмат олимпиадасында күміс алған Қазақстанның ересектер арасындағы әйелдер құрамасының мүшесі. Қазақстан намысын бұл чемпионатта сондай-ақ Лия Құрманғалиева мен Әмина Қайырбекова қорғады. Амина 6 ұпай жинап 7-ші орынға ие болса, Лия 5 ұпаймен 12-ші орында мәреге жетті.

2025 жылғы әлем чемпионаты (рапид, G20)

  1. WGM Ксения Балабаева (2287) – 7 ұпай;
  2. WIM Афруза Хамдамова (2384, Өзбекстан) – 6½;
  3. WFM Варвара Полякова (2065, FIDE) – 6½;
  4. WFM Анна Журова (2189, FIDE) – 6½;
  5. WIM Умида Омонова (2265, Өзбекстан) – 6;
  6. FM Фиорелла Контрерас Уаман (2152, Перу) – 6;
  7. WIM Әмина Қайырбекова (2259) – 6;
  8. IM Элине Рёберс (2409, Нидерланды) – 6;
  9. WGM Лия Құрманғалиева (2150) – 5.

Жігіттер арасында соңғы күннің алдында Өзбекстаннан шыққан үш шахматшы – гроссмейстер (GM) Мухиддин Мадаминов, халықаралық шеберлер (IM) Хумоюн Бегмуратов және Мухаммадзохид Суяров көш бастап тұрған. 16 жастағы Суяров рапид бойынша әлем чемпионы атанды.

2025 жылғы әлем чемпионаты (рапид, O20):

  1. IM Мухаммадзохид Суяров (2372, Өзбекстан) –7½ ұпай;
  2. GM Мухиддин Мадаминов (2458, Өзбекстан) – 7;
  3. GM Денис Лазавик (2579, Беларусь) – 7;
  4. IM Ликаэль Родерик Тикона Рокабадо (2367, Боливия) – 7;
  5. IM Аарав Денгла (2172, Үндістан) – 7.

26 қыркүйек – демалыс күні. 27–28 қыркүйекте блиц бойынша (3+2 форматы: партияға 3 минут және әр жүріске 2 секунд қосылады) 9 тур швейцар жүйесімен өтеді.

https://s2.chess-results.com/tnr1238565.aspx

2024 жылы тамыз айында Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен жасөспірімдер арасындағы (U20) рапид пен блицтен әлем чемпионатында рапид бойынша әлем чемпиондары Максим Царук (FIDE/Беларусь) пен Александра Тарасенко (FIDE/Беларусь) атанса, блицте Денис Лазавик (FIDE/Беларусь) пен Тарасенко жеңімпаз болды. Қазақстандық шахматшылар жүлдегерлер қатарына кірмеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -