2025 жылы 26 қыркүйекте Алматы қаласында «Қазақстанның азаматтық қоғамы: болашаққа сараптамалық көзқарас» атты форсайт-конференция өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, зерттеушілер, сарапшылар және халықаралық серіктестер қатысты.
Конференцияның мақсаты – алдағы 3–5 жылға арналған стратегиялық басымдықтарды айқындап, азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының екінші кезеңіне практикалық ұсынымдар әзірлеу.
Бағдарлама аясында пікірталас панелі, форсайт-сессиялар және топтық жұмыс өтті. Талқылаулар барысында негізгі сын-қатерлер мен үрдістер белгіленіп, даму сценарийлері мен мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы өзара байланыстың жаңа үлгілері ұсынылды. Азаматтық сектордың тұрақтылығы мен азаматтық кеңістікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция барысында Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар бүгінде үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық маңызы бар міндеттерді шешуде тиімді серіктеске айналып отырғанын жеткізді.
Форсайт-конференция қатысушылардың бірлесіп шешім қабылдауына және жаңа күн тәртібін қалыптастыруға дайын екенін көрсетті. Бұл қадам Қазақстандағы азаматтық қоғамның әлеуетін барынша ашуға мүмкіндік береді.