Қазақстан мен Ресей туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

1309
Фотосурет: Сенаттың Баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 24-ші отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Комиссияның тең төрағалары Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов және Ресей Федералдық Жиналысы Федерациясы Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Андрей Яцкин болып табылады.

Күн тәртібі бойынша туризм саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері: екі ел азаматтарының мемлекеттік шекарадан өту жағдайын жеңілдету, туристік объектілерге көліктік қолжетімділікті арттыру және бірлескен туристік бағдарламаларды дамыту саласы талқыланды. Жаңа бағыттарды қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

«Туризм елеулі экономикалық нәтижелер әкелуге, жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ мәдени және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге қабілетті келешегі зор саланың бірі. Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы қолданыстағы келісім бірлескен маршруттарды қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту және кадр даярлауға берік негіз жасайды. Мақсатты түрде талқылау тақырыпты терең түсінуге, бар проблемаларды егжей-тегжейлі зерделеуге және оларды шешудің нақты, пәрменді жолдарын әзірлеуге мүмкіндік береді», - деді Жақып Асанов.

Сенаторлардың «Altai Invest – 2025» халықаралық инвестициялық форумына қатысуы бағдарламаның маңызды бөлігі болды. Мұнда Шығыс Қазақстанның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және туризм салаларындағы әлеуеті таныстырылды. Парламенттік диалог пен экономика тақырыбының сәтті үйлесуі барысында саясат пен инвестицияның қатар жүретінін, өңірлік дамуға жаңа мүмкіндіктер туғызатыны атап өтілді.

Ресей парламентшілерінің Қазақстанға сапары бағдарламасы аясында бірқатар шаралар қамтылды. Екі елдің депутаттары Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған «Еске алу алаңын» салып, ағаш отырғызды. Бұл ұрпақтар сабақтастығы және ерліктің ортақ естелігіне айналды. Делегация мүшелері Өскеменде сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, «Жеңіс» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды.

Кездесулер барысында осындай отырыстар мен өзара сапарлар Қазақстан мен Ресей арасындағы сенім мен стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін көрсететін жақсы дәстүрге айналғаны атап өтілді. Келіссөздер нәтижесі бойынша Ресей Федерациясының аумағында комиссияның келесі 25-ші отырысын өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -